Осыдан 20 жыл бұрын мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан аққыстаулық азаматтар биылғы 20 жылдық мерейтойларын игілікті іспен бастады.
Олар аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратып, оған қоса 20 мың теңге көлемінде ақшалай көмек жасады. Бұнымен де тоқтап қалмаған 1983 жылы туған құрдастар Жанбай ауылында салынып жатқан мешіт құрылысына да қаржылай демеушілік жасап, қатарластарына үлгі боларлық сауапты іс қылды.
– Садақаның жария, құпия түрі болады ғой. Біздің бұл жария жақсылығымыздың мақсаты – басқалар да жақсылық жасауда жарысса екен, бір-бірімізге жәрдемдесуде үлгі болсақ екен деген ойдан туды, - дейді құрдастарының ойын жеткізген Әділет Пазылғалиев.
Оның айтуынша, құрдастарының ұйымшылдығы, аталған игілікті іске қыздардың да ер адамдармен бірдей атсалысуы жұмылып көтерген жүкті жеңілдете түскендей.
Жақсылықта жол көрсетуші бар да, оған ілесуші бар. Екеуінің де сауабы кемімейді. Бұл үлкендерден естіген есті сөз еді. Жастардың да жадында жүрсін.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ