Аққыстаудағы «Жедел жәрдемге» жедел жәрдем керек

Бүгін Атырау облыстық «Жедел жәрдем» медициналық стансысының директоры Азамат Ерболов Исатай ауданында болды.

Алдымен ол аудандық «Жедел жәрдем» медициналық стансысында болып, қызметкерлердің жұмыс барысымен және қазіргі ғимараттың жай күйімен танысты. Кездесуде аудандық мәслихат депутаты Асхат Жұмабеков те болды.

Бүгінде ескі ғимаратты қоныс еткен стансы қызметкерлерінің жағдайы аса мәз емес көрінеді. Ғимараттың жай күйімен таныстырған стансының аға фельдшері Нұрсұлу Гинаятованың айтуынша, тозығы жеткен ескі ғимараттың барлық ішкі жұмыстарын стансы қызметкерлері өздері атқарып отыр.

- Қазіргі қоныстанып отырған ғимаратымыз жұмыс жағдайына мүлде сай келмейді. Себебі, ғимарат әбден тозған. Терезелері ескіріп, тіпті кейбірінің әйнектерін жамап-жасқап қойдық. Жер төсеніштерін де өзімізге ауыстыруға тура келді. Жаңбырлы күндері шатырымыздан су сорғалайтыны өз алдына, тіпті, стансы аумағының тарлығынан қызметтік көліктің кіріп-шығуы да қиындайды. Жаздың аптап ыстық күндері ғимараттың ауасы тарылып, тыныс алу мүмкін болмайды. Желдеткіш құрылығылар да қарастырылмаған. Тізе берсек мәселе көп. Басшылық осы мәселені қаперге алып, жаңа ғимарат бөлінуіне ықпал жасаса екен, - дейді аға фельдшер.

img_6338

Ғимараттың іші-сыртындағы жағдайды өз көзімен көрген Азамат Ерболов пен аудандық мәслихат депутаты Асхат Жұмабеков ауданы әкімі П.Хасановтың қабылдауында болып, аталған мәселені көтерді.

img_6355

Кездесу соңында аудан әкімі қазіргі таңда аудан орталығында аудандық «Жедел жәрдем» медициналық стансысының қызметіне лайықты бос ғимараттың болмауына байланысты, бұл мәселені шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521