Қар жауған күн

Жұма күні. Желсіз, тып-тымық таңғы ауа, сағынтып жауған қар көңіл түкпіріндегі сағынышты сәттерді еске сала берді.

Ол бір ұмытылмас, балалық бал күндер еді. Естелігінің өзі алтынға айырбасталмайтын балдәурен-ай...

Жергілікті композитор Төребек Шәріпов ағамыздың бір әні бар еді ғой. Сол әндегі «Балалықтан қалғаны балау- са жыр, Балалықтан қалғаны қиял ғана...» деп келетін өлең жолдарындай, қылаулап жауған қар балауса балғын дәуренге қиялмен сапар шектіріп жіберді.

Баламыз ғой, қар жауса болды, бізден бақытты адам болмайтын. Қалың түскен қарды көргендегі ең бірінші ойға келетіні - қар лақтырысып ойнау. Соның ішінде, сыныптас қыз балаларды қарлау. Осыған балалардың көбі құштар еді. Сабақтан шыға салысымызбен, мектеп ауласынан қыздарды күтіп алып, оларда өшіміз бардай, қолмен жұмырлағанға бірікпейтін жаңа жауған ұлпа қарды боратамыз келіп.

Қасымдағы балаларға еріп, қиқу қосқан болып жүгіріп жүретінім болмаса, қыздарды қарлауды көп қостай қоймайтын едім.

«Сұп-суық қардан ауырып қалса, қайтеміз?» дейтін ой мазалай беретін. Оны сыртыма шығарып, сыныптас балаларға айтуға тағы ұялатынмын. «Қыздарға болысып жүр» десе, нағыз масқара – сол. Не деген намыс десеңізші...

Сондай сәттердің бірінде бізден сытылып үлгере алмаған бір сыныптас қызымызды ұлдар аямай қарлады. Анабір үлес қоспасам да арасында жүргендердің бірі менмін. Біреуден қашып құтылмақ түгіл, аяғыңды әрең алып жүретін қалың қардан сүрініп құлаған құрбымызды «қатігез қарлаушылар» ақ ұлпаға көміп тастады. Сөйтті де, олардың көбі тайып тұрды. Сәлден кейін орнынан тұрған «жәбірленушіміз» үсті-басын қаққан болды. Онымен жабысқан қар айырыла қоя ма? Сыртқы киімін шешіп, қаққылап жатты да, қатты тоңса керек, еңкілдеп жылап қоя берді. Бұл көріністі сыртынан «тамашалап» тұрған кейбір балалар рақаттанып күліп жатыр. Мен болсам шарасыз сыныптас қызды аяп тұрмын. Бірақ, ол жанашырлығымды білдіре алмадым. Балаларға «Біздікі қате болды, бұларың не, қойсаңдаршы» деуге де батылым жетпейді. Жо-жоқ, қорқып тұрған жоқпын, әлгі намыс қой жібермей тұрған. Сол күні әлгі сыныптас қызымызды уайымдап шыққаным есімде. Тек келесі күні сабаққа келгенін көріп, көңілім бір тыншып еді. Бірақ, қар лақтыру жалғаса берді. Әй, балалық-ай...

«Сол сағыныш қоймады жазбасыма...». Төребек ағаның әлгі әніндегі қайырма осылай басталатын. Сағындырып түскен қар бала күнімді де сағындырып жіберді.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT