Ардагер мұнайшы Бекболат Қайрлин: «Ауылдың болашағы – халықтың таңдауында»

 

Бүгін Қамысқала ауылдық округінде өтіп жатқан ауыл әкімін тікелей сайлау – ауыл өміріндегі маңызды саяси сәттердің бірі болды. Тұрғындар өз таңдауларын жасап, туған жерінің ертеңіне үлес қосуда. Солардың қатарында елге еңбегімен танылған ардагер мұнайшы Бекболат Қайрлин де бар.

Қара алтын өндірісімен тығыз байланысты өңірде 42 жыл өмірін мұнай саласына арнаған еңбек ардагері ел ісінен шет қалмады. Таңертеңгілік уақытта сайлау учаскесіне жұбайымен бірге келген ол, бұл күнді – ел тағдыры шешілетін жауапты сәт деп бағалады.

– «Ел тағдырына әсер ететін маңызды қадам. Бұрын ауыл әкімдерін жоғары жақтан тағайындайтын болсақ, енді халықтың өзі таңдау жасайды. Бұл – демократияның, халық сенімінің айқын көрінісі. Мен де өз азаматтық борышымды орындап, дауыс беруге келдім. Әркімнің таңдауы – ауылдың ертеңі», – дейді ардагер мұнайшы Бекболат Қайрлин.

Туған жердің дамуына бейжай қарамайтын еңбек ардагері ауылдың әрбір жаңалығы мен жетістігін зор қуанышпен қабылдайтынын, ел игілігіне бағытталған істердің жалғасуына тілеулес екенін жеткізді.

Мұнай саласында абыройлы еңбек еткен Бекболат Қайрлин – жауапкершілігімен, адалдығымен танылған тұлға. Ұжымдастар мен ауылдастары оны еңбекқорлығымен, елге деген сүйіспеншілігімен үлгі тұтады. Оның сайлаудағы белсенділігі – жас ұрпаққа өнеге, ел болашағына деген шынайы жанашырлықтың айғағы.

Айта кетейік, Қамысқала ауылдық округіндегі №128 сайлау учаскесінде дауыс беру қарқынды жүріп жатыр. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы хабарлағандай, тұрғындардың сайлауға қатысу белсенділігі жоғары.

Сонымен қатар мүгедектігі бар немесе денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтардың да құқығы ескерілген. Үйден дауыс беруге өтініш білдіргендер үшін арнайы жылжымалы сайлау жәшігі ұйымдастырылып, комиссия мүшелері олардың үйлеріне барып дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз етті.

 

 

Е.ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT