АРДАГЕР ҰСТАЗ: "РУХАНИ ҚАЗЫНАМЫЗДАН АЖЫРАП ҚАЛМАЙЫҚ"

Аққыстау ауылы - Исатай ауданындағы ең ірі ауылдық округтердің бірі, әрі аудан орталығы. Мұнда күні бүгіндері 10-12 мың шамасында тұрғын тұрады. Олардың басым көпшілігі мұнайшылар, теміржолшылар, мұғалімдер, дәрігерлер, тағы басқа  түрлі сала өкілдері болып келеді. Округтің үстінен 'Астрахан-Атырау" халықаралық автокөлік жолы мен тауарлы жүк және жолаушылар тасымалдайтын пойыздар күні-түні ерсілі-қарсылы  өтіп жатыр. Бұған қоса өндіріс орындары "Жайықмұнайгаз" басқармасы мен "Сазанқұрақ" компаниясы да осында орналасқан.

Аптаның жұма күні осы үлкен округ саналатын  Аққыстау ауылында жергілікті оқырмандар алғашқы саны шыққанына 70 жыл толған аудандық   "Нарын таңы" газеті редакциясының ұжымымен кездесіп, онда олар көптеген ой-толғамдары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерін қозғады. 
Соның ішінде әсіресе, қырық жылдан аса білім ордаларында еңбек етіп, ұстаз болған, "Білім беру ісінің үздігі" Әлия Фазылова апайдың аудан айнасы- "Нарын таңы" газеті туралы айтқан ой-тұжырымдары көпшіліктің назарын өзіне аударды.
- Газет -өмірдің айнасы. Біз осы жасқа келгенше газет оқумен өстік. Шынында да жаңа Аяпберген інім айтқандай, қазіргі кезде әлеуметтік желілердің заманы жүріп тұрған уақыт. Бірақ осы әлеуметтік желілердің ішінде байқаған адамға бір-біріне  кереғар, полемикалық айтыс-тартыс, адам жанын жаралайтын, шындықтан алыстау,  өскелең жас ұрпаққа түк тәрбиелік мән-мағынасы жоқ жазбалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен. Осыны оқыған  біздің  балаларымыз, оқушыларымыз, жастарымыз одан не үлгі-өнеге алады!? Ойланып көрдіңіздер ме?
Осы жағынан салыстыра қарағанда, аудандық төл басылымымыздың әлеуметтік желілерден біраз айырмашылығы бар екенін айрықша атап өткім келеді. Яғни менің айтайын дегенім, ақпарат таратқан кезде, ұлттық ұрпақ  тәрбиесіне кез келген көзі ашық адам бей-жай қарамаулары керек.
Өйткені,  бүгінгі таңда қандай ақпарат болсын адам өмірінде үлкен рөл атқарады. 
Құдайға шүкір, біз, ардагер ұстаздар, ата-аналар өзіміздің газетімізге өте ризамыз. Соңғы кездері газет беттерінде туған жеріміздің өткен-кеткен тарихы, жер-су атаулары, тәлімдік, тағылымдық-танымдық, имани-адамгершілік тақырыбындағы материалдар мен мақалаларға көбірек орын берілуде.
Меніңше, мұғалімдер оқушыларын өз туған жерін, Отанын, тарихын осы бастан баули берулері керек.
 Ол үшін әрине, кез келген оқушы немесе мұғалім болсын газет-журналдар алдырып оқулары тиіс. Ғылымда, білімде осы газет пен кітапта екенін дұрыс түсінуіміз керек.
Осы жерде бір ұсыныс айта кетсем, қарсы болмассыздар.
Биылғы жыл басында елімізде Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депуттатарын сайлау науқаны өткенінен хабардарсыздар. Сол кезде "ойбай, ана кандидат пәленшенің адамы екен", " мына адам бұрын бірнеше рет депутат болды ғой, оның қолынан не келеді?-деген сыңайлы алып-қашпа әңгімелер көп айтылды. 
Ал енді депутаттардың халықпен тікелей араласып, жұмыс жасайтын кездері міне, енді келді деп есептеймін. Депутаттардың сайлауға өтерде кезде қабылдаған сайлаудыалды бағдарламасы бүгіндері қалай жүзеге асып жатыр? Осы кезге дейін не тындырды? Қоғамға қандай пайдасын тигізуде? деген сауалдарға жауап іздейтін уақыт та жеткен сияқты.
Сондықтан журналистер газет бетінен депутаттардың қоғамға тигізіп жатқан үлестері мен жасап жатқан еңбектерін халыққа үнемі жариялап, насихаттап отырса деген ұсыныс айтқым келеді. Яки депутаттар мен халық арасындағы байланысты нығайтуға күш салсаңыздар тіпті ғажап болар еді.
Ал "Нарын таңы"  өзіміздің көптен сүйіп оқитын газетіміз. Өзіміз зейнеткер болсақта, "Нарын таңы" газетін сатып алуға әлі де күш-қуатымыз жетеді.
Сондықтан баршаңызды газет оқуға шақырамын. Рухани қазынамыздан ажырап қалмайық, ағайын!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521