Қарттарымызды құрметтеу, өнегелі өмір жолдарын үлгі тұту, елге сіңірген еңбектерін, сол арқылы мемлекеттің дамуына қосқан үлестерін бағалаудың белгісі сынды бір іс - Қазақстанда жыл сайын 1 қазанда Халықаралық қарттар күнінің аталып өтуі. Бүгінгінің қарттары соғыс жылдары майдандағы жауынгерлік ерлігімен, тылдағы ерен еңбегімен бейбітшілікті қорғап қалғандар, сол үшін аштық пен қайғы-қасіретті бастан кешкендер, соғыстан кейінгі жылдары құлдыраған халық шаруашылығын қайта қалпына келтіріп, өз еңбектерімен экономиканың дамуына зор үлес қосқандар. Олардың қатарына қазір балалығы сол сұрапыл жылдармен тұстас келгендер, көбісі қан майданнан қайтпай қалған әкесін, көкесін, ағасын көрмегендер қосылды.
1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясымен жарияланған Халықаралық қарттар күні таялған сәтте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллинмен мереке иелері жайында ой бөліскеніміз бар.
–Жалпы алғанда, Қарттар күнін атап өтудің мақсаты – олардың проблемаларына қоғамның назарын аудару, қоғамның демографиялық қартаю проблемасы, қарт адамдардың жеке және әлеуметтік қажеттіліктері, оларға деген қарым-қатынасты өзгерту мәселелерінен халықтың хабардарлығын арттыру, тағысын тағы жайттар. Сондай-ақ атаулы күнде қарттардың қоғамның дамуына қосқан үлесін айтып отыру, қоғам өміріне қатысуына қолдау жасау да мақсат етілген,-деген төраға ауданымыздағы ұзақ жасаушылар жайында, олардың елге еткен еңбегі, соның бәрін ұрпаққа үлгі қылу тұрғысындағы өз ой-пікірлерін де ортаға тастады.
Шүкір дейік, кейінгі жасқа тағылымын танытып, үлгісін ұсынатын ардагер аға буын өкілдері ауданымызда да аз емес, олардың саны, ардагерлер ұйымына мүше болып жүргендердің дерегімен алғанда, үш жарым мыңдай адам екен. Кезінде осы ауданның әр саласында қызмет қылып, оның тарихын жасасуға тер төккен солардың да алды жүз жасауға таялған. Біз қолымызға іліккен деректерді қарай отырып, тоқсаннан асқан біраз ардагерлеріміздің дерегіне үңілдік.
Мәселен, Аққыстау ауылдық округіндегі сондай жандардың арасында сауда саласының ардагері, көп балалы ана, үлгілі отбасында тәрбиелі ұрпақ өсірген жан Алтын Біләлова, 93 жастағы «Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі» төсбелгісі иегері, ұстаздық қызметі арқылы ұрпақ тәрбиесіне толайым үлес қосқан әрі тыл ардагері Науша Түсіпқалиева, жасы 90-нан асқан көп балалы отбасы отағасы, қарапайым еңбек адамы болған қарт мұнайшы Қалден Бисенов бар. Ал Тұщықұдық ауылдық округіндегі ең жасы үлкен ардагер Тояш Қапаққызы - бұрын егінші, жұмысшы болып тер төккен еңбек ардагері. Көп бала тәрбиелеген, олардан өрбіген немере-жиен, шөберелерінің қызығын қызықтап отырған «Алтын алқа» иесі әлі тың, өмірден көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін ұрпаққа сабақ қылып айтып отырады. Сондай-ақ, 1935 жылы дүниеге келген орденді шопан, мал шаруашылығының майталманы, қазір де атакәсібінен қол үзбеген аға ұрпақ өкілі Батан Ибраевтың ісі де жастарға үлгі.
Ал Исатай ауылдық округіндегі елге сыйлы, жастарға дәстүр-салтымыз бен дініміз жайында жақсы түсінік беруден жалықпайтын теміржол саласының еңбек ардагері Айдолла Нұрсапин де биыл 90 жаста екен. Көп жылдар бойы «Забурын» кеңшарында аға шопан болып, жарынан ерте айырылса да ұл-қыздарын тағылымды тәрбиесімен жеткізген, күні кешеге дейін атакәсіптен қол үзбей, кейінгі буынға өнеге болып келген жан Меңдіғали Құбаев ақсақалды Нарын өңірінде білмейтіндер некен-саяқ. Зинеден ауылдық округі бойынша жасы тоқсаннан асқан ардагерлердің бірі Әдемі Садығұлова 92 жаста, бірыңғай үй шаруасымен айналысқан майдангер зайыбы бала тәрбиесінің білгірі десе артық емес. 91 жастағы Фариза Набишева кіші медицина қызметкері болған, кезінде депутат болып қоғамдық өмірге белсене араласып, ауылдастар аманатын да арқалаған.
Жанбай ауылдық округіндегі ең қарт ардагер Есенгерей Тілепқалиев уақытында сау-да саласына еңбегі сіңген, бүгінде өсіп-өнген ұрпағының ортасындағы бақуатты тірлікте 95 жасқа толып отырған жайы бар. Ұстаздық қызметтерімен ұрпақ тәрбиесіне айтарлықтай үлес қосып, алдарынан жүздеген жас үлкен өмірге жолдама алған қос ардагер ұстаз Ғизатолла Марданов пен Гүлжиян Нәжимова да 91 жасқа толса, көп балалы ана, кезінде аудандық кеңестің депутаты ретінде өңірдің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген Ханым Биханова биыл 90 жасқа толулы. Сондай-ақ, Қамысқала ауылдық округі бойынша биыл 90 жасқа келген қос ардагер Айдын Қадиров пен Қалыш Нұғманова - кезінде ауылдың өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан мал шаруашылығы саласының ардагерлері. Олардың қарапайым еңбек жолдары – жас буынға үлгі.
-Ардагерлеріміздің қоғам өміріне қатысуына қолдау жасау жөнінде текке айтқаным жоқ. Ауданда оның да мысалдары аз емес,-деген Ерболат Насимоллаұлы біраз деректерді алға тосты.
–Біздің ардагерлер елге келген Мәжіліс депутаттары мен сенаторларға ауылдастардың мұқтаждарын, сұраныстарын жеткізіп, халықтың сөзін сөйлеп жүреді. Аға буын арасында денсаулықтарын дұрыстап, саламатты өмір салтын ұстануымен өзгелерге үлгі болып жүргендері баршылық. Олардың қатарында тек Аққыстау ауылының өзінен Қ.Садихов, С.Қабделов, Н.Қизатов, Н.Пазылов, И.Қаражанов, А.Қапанов және басқалар бар. Жастар күніне арналған марафонға қатысып, жастармен бірге жүгірген еңбек ардагерлерін де ерекше айта кеткім келеді, - деген ол ардагерлерден құралған «Әжелер» ансамблін (жетекшісі А.Машаева), «Мирас» домбырашылар ансамблін (жетекшісі Ә.Сұлтанова) үлгі етті, соңғы кездері аудандық Аналар кеңесі (төрағасы Н.Қайдар) мен Әкелер кеңесі (төрағасы Ұ.Абилхасов) түрлі тәрбиелік шаралар өткізіп, жұмысты жолға қоя бастағанына ризашылығын білдірді. Дейтұрғанмен, жұмыстың өз мәнінде жүруіне кедергілер де жоқ емесін, соның ішінде ардагерлердің тарапынан белсенділік төмендігі байқалатынын да тілге тиек қылды ол. - Біз ардагерлеріміздің жан-жақты үлгі болғанын қалаймыз, ол үшін белсенді болу да керек. Меніңше, сол белсенділіктің арқасында олардың қоғамдағы орны айқындала түседі,-дейді төраға.
Иә, өткен уақыттардан бүгінге дейін мәнін жоймаған «Қарттарымыз – асыл қазына», «Ардагерлер – алтын қорымыз» деген сөздер текке айтылмағаны анық. Ол қазір де жасы ұлғайып, жетпістің желкенін көтеріп, сексеннің сеңгіріне аяқ артып, тоқсанның төріне қадам басқан қарттарымыздың өткені өнеге екендігін баяндап-ақ тұр. Егемен елімізде, мынау жаңарған заман көшінде де олардың өнегелі істері жалғасын таба бермегіне сөз жоқ. Қарттарын қадірлеген қазақ жұртында, қазіргі қоғамда да олардың орны бөлек. Ендеше қарттарымыздың аман-сау болуын тілек етелік, ағайын!
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР