Бүгін №133 сайлау учаскесінде ауданның абыройлы азаматы, көп жылдық еңбек өтілімен ел сеніміне ие болған қоғам қайраткері, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин өз таңдауын жасап, дауыс берді, – деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.
Ұзақ жылдар бойы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан Ерболат Насимуллин әрдайым халық мүддесін биік қоятын, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың жанашыры. Оның бүгінгі таңдауы – тек азаматтық борышын өтеу емес, сонымен қатар ел болашағына деген шынайы жанашырлықтың, қоғам алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі.
– Сайлау – болашақ үшін жасалатын маңызды қадам. Бұл – мемлекет алдындағы міндет қана емес, ұрпақ алдындағы аманат. Әр азаматтың таңдауы – ел ертеңінің негізі. Сондықтан сайлауға қатысу – әрқайсымыздың парызымыз, – деді Ерболат Насимуллин өз сөзінде.
Ардагер сайлау учаскесіндегі ұйымдастыру жұмыстарын жоғары бағалап, тұрғындардың белсенді қатысуына ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бүгінгі саяси науқан – ауыл өміріне бейжай қарамайтын жандардың бірлігін, елдің сенімі мен үмітін көрсетеді.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде де ол жастарға үлгі боларлық іс тындырып жүр. Жас ұрпақты елжандылыққа, жауапкершілікке баулуда үнемі алдыңғы шептен көрінетін ардагердің бұл жолғы қадамы – үлкенге құрмет, кішіге өнеге.
Мемлекет мүддесі жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан ардагерлердің белсенділігі – қоғамдық сананы серпілтер күш. Осындай тұлғалардың сайлауға қатысуы – қоғамда саяси мәдениеттің қалыптасуына, ел тағдырына бейжай қарамаудың үлгісіне айналып отыр.
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ