Ардагерлер мен жұмысшы мамандық иелері жастармен жүздесті

Алғыс айту күні – елдің бірлігін нығайтатын, көпұлтты Қазақстан халқының бір-біріне деген құрметі мен ризашылығын білдіретін ерекше мереке. Осыған орай Исатай аудандық Жастар ресурстық орталығында ардагер ұстаздар мен жұмысшы мамандық иелері белсенді жастармен бас қосып, тағылымды кездесу өтті,-деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті.

Кездесуді аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Венера  Мұхитова ашып, мерекенің маңызы туралы кеңінен баяндады. Ол бұл күннің Қазақстан қоғамындағы өзара сыйластық пен құрметті арттырып, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі рөліне тоқталды.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, ардагер ұстаз Ерболат Насимуллин сөз алып, өзінің ұзақ жылдық ұстаздық жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Ұстаз еңбегінің қоғам үшін аса маңызды екенін атап өткен ол, білім мен тәрбие жолында жастарға бағыт-бағдар берудің маңыздылығына назар аударды.

Ауданның құрметті азаматы Зелімхан  Зубариев өз сөзінде ел бірлігі мен еңбектің құндылығын атап өтті. «Біздің ата-бабаларымыз қиындыққа мойымай, бір-біріне демеу болып, бүгінгі бейбіт күнге жетті. Қазіргі таңда бізге керегі – сол татулық пен бірлікті сақтау, еңбекқорлықты дәріптеу»,-деді ол.

Жарқын жүздесу барысында жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы да ерекше атап өтілді. Өйткені 2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама – жастарды еңбекке баулу, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және білікті кадрлар даярлау мақсатында қолға алынған маңызды қадам.

Осы орайда, Қазпошта саласының ардагері Қалампыр Сүйеуқызы мен әскери қызмет саласының ардагері Нұрасбек  Бозбалиев сөз алып, өздерінің еңбек жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Олардың жастарға айтқан ақыл-кеңестері, еңбекке деген құрметі мен кәсіби адалдығы үлкен өнеге болды.

Басқосуды аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдаулет Ателов қорытындылап, жастарды ризашылық пен ізгілік қағидаларын ұстануға, еңбекке ұмтылуға, аға буынның тәлімін алуға шақырды.

«Алғыс айту күні – жақсылықты дәріптейтін мереке. Біз ата-анамызға, ұстаздарымызға, өмірде жол көрсеткен жандарға әрдайым алғыс айта білуіміз керек. Еліміздің ертеңі – еңбекқор, ізетті, білімді жастардың қолында»,-деді ол.

Осылайша, аудан жастары мен ардагерлер арасында өткен бұл кездесу рухани сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналды. Жастар үлкендердің ақыл-кеңесін тыңдап, еңбек пен алғыстың құнын ұғынды. 

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT