Ардагерлер үн қатқан пленум – елдік ойдың алаңы

Суреттер автордікі

 

Исатай ауданының абыз ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары ел болашағына алаң көңілмен, парасатты пайыммен жиналды. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы – ұрпақтар үндестігі мен елдік мұратты ту еткен өнегелі басқосу болды.

Жиынға ауданымыздың қадірменді ардагерлері, ауылдық округтердегі ардагерлер кеңестерінің төрағалары, сондай-ақ әкелер мен аналар кеңестерінің жетекшілері қатысты.

 

 

Пленум жұмысына Исатай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрберген Утегенов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин төрағалық етті.

Алғашқы сөзді алған Нұрберген Утегенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау мақсатында аудан көлемінде атқарылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Ол өз сөзінде ел Президентінің бастамалары аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты жоспарлар мен шараларға тоқталды.

 

 

Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин сөз алып, ардагерлердің өмір сүру сапасын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, қарттардың әлеуметтік-психологиялық әл-ауқатын жақсарту және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау мәселелеріне назар аударды. Кеңес мүшелері осы бағыттағы өз ұсыныстарын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

 

 

Жиын барысында қатысушылар Мемлекет басшысының жолдауын жан-жақты талқылап, өз көзқарастарын білдірді.

— Атқарушы билік өкілдерінің жасап жатқан жұмыстарын жоққа шығара алмаймыз. Әрине, кемшіліктер де бар шығар, бірақ оған сабырмен қарап, ақыл-кеңесімізді айтып, қолдау көрсету — біздің азаматтық борышымыз. Президент Жолдауында айтылған ойлар мен нақты тапсырмалар тек билікке ғана емес, баршамызға ортақ. Сондықтан бірлесе еңбек етіп, ел игілігі жолында қызмет етуіміз керек деп есептеймін,-деді ауданның Құрметті азаматы, ардагер Қожантай Сыдихов.

 

 

Жиын соңында қатысушылар ардагерлер қозғалысын одан әрі жандандыру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастарды елжандылық пен еңбексүйгіштікке тәрбиелеу бағытында бірқатар ұсыныстар мен пікірлерін білдірді.

 

 

Пленум өз жұмысын ортақ ниет пен ел болашағына деген сеніммен қорытындылады.


Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT