АРДАГЕРЛЕРДІҢ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНДІ

5 қараша күні алғаш рет пилоттық режимде Исатай ауданы әкімін сайлау өтті. Сайлау қорытындысы бойынша аудан әкімдігіне үміткер Мусин Нұрым Бекежанұлы сайлаушылардың басым даусына ие болып, Исатай ауданы әкімі болып сайланғаны өздеріңізге мәлім. Соған байланысты Исатай аудан әкімі лауазымындағы қызметін аяқтап жатқан, аудан әкімі Хасанов Полымбет Максимұлымен аудандық Ардагерлер кеңесінің арнайы шақыртуымен  жылы шырайлы жүздесу өтті. 

Жүздесуге аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Насимулин қатысты. Аталмыш шараның шымылдығын аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштахов ашып, Полымбет Максимұлына аудан әкімі лауазымында болған 2 жыл 8 ай уақыт ішінде атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталып өтті. Жүздесуге қатысқан аудан ардагерлерінің өкілдері де сөз алып, П.Хасановқа ел үшін атқарған еңбегіне орай ризашылық риясыз сезімдерін білдіріп, алғыс айтып, алдағы қызметіне де сәттіліктер тіледі.

"Қолдан келсе, үлкеннен бата алайық, Ықыласы үлкеннің - батасында" дегендей аға буын өкілдері Полымбет Максимұлына ақ баталарын беріп, ақ жол тіледі. Шара барысында аудан ардагерлерінің «Мирас» домбырашылар ансамблі де күмбірлете күй ойнап, кеш ажарын одан әрі аша түсті. Еркін форматта өткен жылы жүздесуде ардагер ағаларымыз Полымбет Максимұлымен бүкпесіз әңгіме өрбітіп, риясыз лебіздерін де жаудырып отырды.

Кездесу соңында аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштахов Исатай аудандық Ардагерлер кеңесінің атынан Полымбет Хасановқа тілектерін арнап әрі аудандағы атқарылған игілікті жұмыстар үшін  «Тілек хат» табыс етті.

П.Хасанов аудандық Ардагерлер кеңесі басшылығына, аудан ардагерлеріне және  ізгі ниеттерін арнаған ардегерлерге    сол арқылы аудандағы барша аға буын өкілдеріне өз ризашылығын білдіріп, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі. Мұндай жүздесу  өзі үшін үлкен мәртебе, әрі үлкеннің алғысы мен ақ батасын иелену алтынға да айыр бастай алмайтын бақ екенін де тілге тиек етіп, ауданның одан әрі өсіп өркендеуіне шынайы тілектестігін де жеткізді.

 

 Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521