АРДАГЕРЛЕРДІҢ «АУЫЛҒА СӘЛЕМІ» САҒЫНЫШ САЗЫН ШЕРТТІ

Қашан да өнерді өмірінің өзегі іспетті көретін Исатай ауданының халқы сол өнерді өрге бастырған небір өміршең бастамаларға куә болып келе жатқаны шындық. Сондай бір бастама, күні кеше аудандағы іргелі елді мекендердің бірі Жанбай ауылынан бастау алды десек болады.

Бейсенбі күні түс ауа Жанбай ауылдық мәдениет үйіне ағылған көлік пен адамдардың қарасы молырақ еді. Бұлардың бәрін де осында жетелеген – сағат 16.00-да басталатын «Ауылға сәлем» сазды бағдарламасы.

Ал, сахна төріне шығатындар кім дейсіздер ғой, олар – соңы 70 жасқа еркін аяқ басқан, бәрі де бір кездері осы бір топырақта шыбықты ат қылып шапқылай, шашына қонған шаңды қаққылай жүріп адамасыл боп кеткен, үлкен өмір көшіне ілескен сәтте әрбірі әр жаққа аттанып, әр салада еңбек ете зейнеткерлік шаққа жеткен, өміріне өнерді серік еткен ардагерлер болатын.

Қазақтың дара да сара сөзін көкірегіне қондырған ауыл азаматы Нұрбол Халидолла жүргізіп, көпшіліктің қошеметтей қол соғуы аз болмаған сол кеште сахнаға Асқар Салықов, Аухади Қабделов, Құрмет Төлеуішов, Жайдарбек Зайдуллин, Өнербек Жанбала, Боранбай Халидуллин, Болат Хафизов, Мейрам Сәрсенғалиев, Ерсайын Құлғалиев, Жеңіс Қарабалин, Мәншүк Қарабалина, Гүлмайдан Сүндетова, сондай-ақ, осы шараны ұйымдастырушы Қожантай Сдихов сынды өнерлі аға буын өкілдері шығып, үлкен-кіші ауылдастарын үкілей әкелген өнерлеріне тәнті етті. Ақын Адайбек Есекеш арнау өлеңін оқыды.

Қысқаша айтқанда, сағынышқа толы сазды бағдарлама сезім қылын шерте түскен шырайлы шара болып есте қалды. Ән әулеп, күй төгілген керемет кеш соңында сахнаға көтерілген аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан бұның алдағы уақытта да жалғасын табар бастама екендігіне ерекше тоқталып, ардагер өнерпаздардың баршасына алғыс сезімін білдірді. Сондай-ақ ол осы игілікті іске ұйытқы болып жүрген Қ.Сдиховқа аудан әкімі Нұрым Мусинның Тілек хатын, А.Салықов пен М.Сәрсенғалиевқа аудан басшысының Алғыс хаттарын табыстады және ардагер өнерпаздардың арасындағы ақсақалы Асқар ағаға (Салықов) аудан әкімі атынан шапан жауып, құрмет көрсетті.

Арадагер өнерпаздарға деген ілтипат мұнымен шектелмеді, көптің алдына шыққан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштахов облыстық ардагерлер кеңесінің марапаттарын табыстап, Аухади Қабделовке «Мейірімді жүрек», Мәншүк Қарабалинаға «Хиуаз», Қожантай Сдиховқа «Дауылпаз» медальдарын тақты. Ауылдық округ әкімі Дидар Есмұханов та ардагер өнерпаздарға деген Алғыс хаты мен ескерткіш сыйлығын ұсынды.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР    

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521