Ардагерлерді не алаңдатады

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің (РҚБ) 2022 жылғы кезектен тыс ІХ съезінде бекітілген ардагерлердің бастауыш ұйымы (АБҰ) туралы жаңа редакциядағы Ережеге сәйкес қыркүйек-қазан айларында өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты бастауыш ұйымдардың есеп беру, сайлау жиналыстарын өткізу басталды. Аудандық ардагерлер кеңесі бекіткен кестеге орай ол ауданда 28 тамыз күні өткен Исатай ауылдық округі АБҰ-ның жиналысынан бастау алды.

 

Ауыл ардагерлерімен бірге ауылдық округі әкімі А.Ғұбаш, округтегі бюджеттік мекемелер басшылары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ауылдағы қамқоршы қызметкерлері шақырылған жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Маштахов пен жиналысқа қатысатын жауапты тұлға – аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Е.Насимуллин қатысты.

Жиынның күн тәртібіне «Ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Исабай Хидуллинның  2022-2024 жылдарда атқарылған жұмыстары жөнінде есепті баяндамасы» және «Исатай ауылы АБҰ-ның төрағасын сайлау туралы» мәселелер енгізілді.

Алғашқы мәселе бойынша АБҰ-ның төрағасы И.Хидуллин есепті баяндама жасап, туындаған сұрақтарға жауаптар берді.

Баяндамашыдан кейін сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Маштахов бұл жолғы есеп беру, сайлау жиналысының ерекше сипатына, ардагерлердің бастауыш ұйымы РҚБ-нің Жарғысы мен Ережесі талаптарына сәйкес құрылатыны және бірлестіктің құрылымдық бөлімшесі болып табылатынына, оның ұйымдық негізін құрайтынына тоқталып құқықтары мен міндеттері жөнінде түсініктер бере кетті. Ол, сондай-ақ, АБҰ қызметінің негізгі мақсаты ардагерлердің лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, олардың қоғамдық-саяси және мәдени өмірге қатысуын, ардагерлердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылатынын да атап көрсетті.

Сөз алған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Насимуллин жиналғандарға аудандық қоғамдық кеңес өз жұмысын жыл басында бекітілген жоспар бойынша және қоғамдық пікірлер мен халық өтініштеріне байланыс-ты жүргізетінен құлағдар қылды.

-Ірілі-ұсақты ондаған мәселе көтеріліп, аудан мен облыс әкімдеріне, облыстық қоғамдық кеңеске жолданып отырды. Оң шешімін тапқандары да бар, бірақ, көбіне шешім сиырқұйымшақтанып кете береді,- деген ол кәсіпкерлердің медициналық сақтандыру мәселесі бітпей қойғанын, қиындық келтірген аудандағы сақалды құрылыстар мәселесі, жол құрылысы мәселелерін мысалға келтірді. Мемлекеттік сатып алуға байланысты айтылып жүрген мәселелерде заңдық өзгерістер болады деп жыл басынан бері күтілуде екенін де жасырмады.

Ардагер Қ.Купбергенов АБҰ төрағасының тұрғындармен араласа жасаған көптеген жұмысын мақұлдайтынын, алға қарай да сол қоғамдық қызметін жалғастыра беруіне тілеулестігін білдірді.

- Ауылымыздағы жарық, электр тоғының жұмысы өзгермек болып басталғанына 5-6 жыл болды, әлі бітпейді, соны жөндесе. Кейбір соқалар жарылып, жарамсызданып жатыр. Ауылымызды құм басуда. Бұның да шарасы алынса,-деген ұсыныстарын да білдірді.

Сөз алған ардагер А.Нұрсапин де баяндаманы мақұлдайтынын білдірді. Осы жылы 100 жылдығы атап өтілетін айтулы тұлға Ғ.Маштаховты аға буынның жақсы білетініне де тоқталып, сондай адамдарды есте қалдырудың, кейінгі ұрпаққа үлгі етудің  нақты шаралары алынса деген ойын ортаға тастады.

Бастауыш ұйым төрағасының жыл ішіндегі жұмысын мақұлдаған білдірген мемлекеттік қызметтің ардагері Ж.Ғұбашұлы болса, біраз жұмыстар атқарылғанына, соның ішінде «Мерейлі отбасы» республикалық сайысына қатысқандар жүлделі орындар иеленіп оралғанына ризашылығын білдірді.

Жиында, сондай-ақ, ардагерлер Айдолла Нұрсапин мен Исабай Хидуллинге «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныстар да болды.

Ауыл ардагерлері де марапатталып, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы ауданымыздың әлеуметтік-мәдени, рухани саласына қосқан елеулі еңбек үлестері  мен ардагерлер ұйымындағы белсенділіктері үшін бір топ ардагерге Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің марапаттарын табыстады. Атап айтқанда, еңбек ардагерлері Али Азербаев пен Кадір Купбергеновке облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Өтешовтың Алғыс хатын, ардагер ұстаз, өлкетанушы Жансекер Бәбиқызына Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығы құрметіне тағайындаған  «Дауылпаз» , ардагер теміржолшы Құрманбек Кенжешовке «Ел ағасы» медальдарын табыстады.

Бастауыш ұйым жиналысы АБҰ төрағасының есепті мерзім ішіндегі атқарған жұмысын қанағаттанарлық деп бағалау, ұйым төрағалығына Исабай Хидуллинді қайта сайлау, ардагерлер А.Нұрсапин мен И.Хидуллинді «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағына ұсыну жөнінде қаулы алды.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521