Төл тарихымызды танып-білуде архивтің алатын орны орасан зор.
Онда өңірдің өткенін паш ететін көптеген тарихи құжаттар жинақталған. Ол өткенді еске салып қана қоймайды, бүкіл болмысымен бүгінгі күні, ертең де қалт-қысыз кәдеге асады, ел игілігіне, келешек ұрпақ мүддесіне қызмет етеді. Архив қоймаларына жинақталған барлық құжаттар іргелі-іргелі тарихи зерттеулерге, жеке адамдар тағдырын ашуға негіз болды, мұны өмірден көріп те жүрміз. Архив - ғасырдың ғұмырнамасы.
Иә, мемлекеттік архивтер – тарихи ілім-білімнің шын мәніндегі асыл қоймалары. Архив өзіне шынайы бейіл, ықылас танытқан адамды бейжай қалдырмайды, өзіне тартады, тарихи құжаттарды қарауға еріксіз бағындырады. Архивке келіп, тарихи мәліметтерді, өзіне қажетті құжаттарды қарап, іздестіретін адамдар қатарының соңғы кездері көбейе түсуінен осыны бағамдаймыз.
Аудандық мемлекеттік архив мекемесі де Қазақстан Республикасы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңын, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың нормативтік-құқықтық құжаттарын басшылыққа алып, архив ісін дамыту бағытында өткен жылы бірқатар жұмыстар атқарды. Ауданда архив қоры құжаттарының сақталуы мен мемлекеттік есебін қамтамасыз қылу, кәсіпорындар мен мекемелерге әдістемелік көмек ету, жеке және заңды тұлғаларға архивтік анықтама беру, мемлекеттік қызмет сұраныстарын орындауға жұмыстану негізгі 4 бағыт бойынша жүргізілді. Олар: ұлттық архив қорының құжаттарын сақтауды қамтамасыз ету, қордың қалыптасуын ұйымдастыру, дерек базасы есебін және автоматтандырылған ғылыми анықтамалық ақпарат құру, ақпараттық қызмет көрсету және құжаттарды пайдалану.
Жыл ішінде аудандық архивтің дереккөзін қалыптастыратын 81 кәсіпорын мен мекеменің 21-іне әдістемелік көмек көрсетілді. 356 сақтау бірлігіндегі тұрақты, 603 сақтау бірлігіндегі жеке құрам құжаттары мемлекеттік тұрақты сақтауға қабылданды. 6 сақтау бірлігіндегі фотоқұжаттар, 3 жеке тектік құжаттар қабылданып, облыстық сараптау комиссиясынан өтіп, қорға қосылды. 50 сақтау бірлігі дерек базасына енгізіліп, цифрлық форматқа енгізу бойынша 3000 бет сканерге түсіріліп, тізімдемесі жасалды.
Жыл ішінде жоспарға сай ақпараттық қызмет көрсету, түрлі шаралар өткізу жүзеге асты. Аққыстау ауылының аудан орталығы болғанына 40 жыл толуына орай «Жалын» мәдениет үйінде өткен «Аққыстау-алтын бесігім» атты аудандық шарада мұражаймен бірігіп фото-стенд жасақталды. Мерекеге орай мектеп оқушыларының әр салада жұмыс істеген бір топ қызметкерлермен кездесуі аудандық архивте өткізілді. Ал, жыл соңында аудандық архив пен Аққыстау орта мектебінің бірлесе ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай латын әліпбиіне көшу бағытында шара өтіп, онда аудандық архивтің архивистісі М.Жақсымбетова оқушыларды 1930 жылдары латын әліпбиінде жазылған аудандық архивте сақталған құжаттармен слайд арқылы таныстырды.
Өткен жылы «Архивтік анықтамаларын беру» мемлекеттік қызметін атқаруда оның тиімділігі мен сапасына баса қөңіл бөлінді. Жыл бойына барлығы 323 сұраныс түсіп, оның 238-іне қанағаттанарлық жауап, 85-іне түсінік берілді. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы түскен 228 өтініштің 182-сі қанағаттандырылды, 46-на түсіндірілген жауаптар қайтарылды. Азаматтардың оқу залына келуіне, пайдаланушыларға құжаттар беруде де жоспарлы жұмыс-тар жүрді.
Күні бүгін мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қызметінде жасалатын үлгілік құжаттар тізбесін басшылыққа алып, мекемелерге істер номенклатурасын жаңа тізбе бойынша қайта жасауда түсінік жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс алға қарай да жалғасады.
Аяпберген МҰХАНБЕТОВ,
«Исатай аудандық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы