«АРМАНДАҒАН МАМАНДЫҒЫМ – ЕНДІ МАҚТАНЫШЫМ!»

 

Әр елдің тыныштығы мен тәртібін күзететін сақшы бар. Қазақстанда бұл жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген полиция қызметкерлері – мемлекет пен қоғам алдындағы сенім мен тәртіптің тірегі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

– «Жұртқа жақын полиция» қағидаты мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда тәртіп сақшылары сүбелі үлес қосып келеді. Олар күндіз-түні қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етуде. Қызмет барысында өз өмірін қатерге тігіп, халықтың тыныштығы үшін құрбан болған азаматтар да бар. Олардың адал қызметі жас мамандарға үлгі. Қылмыспен күресіп, азаматтардың алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету – тәуекелі мен жауапкершілігі мол жұмыс. Полиция қызметкері қашанда қырағы, шапшаң, әрі төзімді болуы керек. Бұл мамандық иесі кез келген сәтте қатердің алдын алып, халыққа қорған болуға дайын тұруы тиіс. Полиция қызметіне берілетін ең жоғары баға – ел сенімі мен алғысы,-деген болатын.

 

 

Әрине, бұл сөз – тек мадақ емес, мәртебелі міндеттің мәнін айшықтаған анық тұжырым. Себебі тәртіп пен тыныштық болмаса, қоғамда тұрақтылық та болмайды. Ал соның кепілі болу – ерлік пен ерен еңбекті талап етеді. Міне, жергілікті тұрғындардың, яғни халықтың сенімі – бұл сөзіміздің басты дәлелі болып отыр. Себебі тәуелсіз ел іргесінің берік болуы ел ішіндегі тыныштықтан басталары сөзсіз. Осы орайда тікелей халықпен жұмыс істеп, қылмыстың алдын алуға және профилактикалық жұмыстар жүргізіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік полиция инспекторларының қызметін ерекше атап өтіп, әңгімемізге арқау етіп, тілдескенді жөн көрдік. Әрі 23 маусым Қазақстан Республикасының Полиция күні қарсаңында біз аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Асхат Қадіржановпен сұхбаттасып, учаскелік қызметтің ерекшеліктері мен қазіргі өзекті мәселелер туралы сұрап, сөзге тартқан едік. Ол Аққыстау ауылының тумасы, түзде полицей, үйде үлгілі әке, бақытты шаңырақтың алтын діңгегі. Жұбайы Ақкүміс екеуі үш қыз тәрбиелеп, өсіруде.  Кәсіби біліктілігі мен адалдығының арқасында әріптестері мен халықтың сенімінен шыға білген сала маманы. Әріптестерінің айтуынша ол әлі  күнге дейін өз ісіне деген жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен ерекшеленіп келеді. Көп жылғы тынымсыз еңбегі ескерусіз қалған жоқ: ол бірнеше рет аудан әкімінің, сондай-ақ полиция бөлімінің басшысының Алғыс хаттары мен марапаттарына ие болған. Тіпті Жастар премиясы -2023 байқауы бойынша ауданның «Үздік жас полициясы» атанған. Сонымен қатар өткен жылы «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен наградталған.Бұл марапаттар – тек кәсіби табыстың емес, халық пен әріптестер сенімінің де белгісі. Қай кезде де сабырлы қалпынан танбай, заң аясында әрекет ететін оның еңбегі – бүгінгі қоғам үшін үлкен үлгі. Осы бағытта ел тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тынбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшысымен әңгіме өрбіттік.

 

 

– Асхат Әміржанұлы, алда келе жатқан төл мерекеңізбен құттықтаймын! Бұйрық талқыланбайтын, нақты орындалатын ішкі істер органында он бір жыл қызмет етіпсіз. Алдымен өзіңіз және осы салаға келуіңіз туралы айтып өтсеңіз?

– Көп рахмет! Алдымен сөз басын бұл саланы не себепті таңдауым екенін айта кетейін.Құқық қорғау саласы – бала кезден бергі арманым болатын. Кішкентай кезімнен тәртіп сақшыларына қарап, бой түзеп, өзімше  еліктейтінмін. Погоны жарқыраған, ел алдында абыройлы қызмет атқаратын полицейлердің бейнесі бала кезден санаға сіңіп қалса керек. Бала арман бүкіл өмір жолыма бағыт берді. Алғашқыда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын оқып, оны тәмамдап шықтым. Бір жағы осы оқуды оқи жүріп, тәртіпке бейім болған соң әскерге барып, азаматтық борышымды адал атқарып келуге шешім қабылдадым. Әскери өмір маған үлкен мектеп болды. Сол кезеңде бала арман қайта оянып, оны нақты іске айналдыруға бел будым. Осылайша, екінші жоғары білімімді заңгерлік бағытта жалғастырып, құқық қорғау саласына қадам бастым. Бала арманымды жүзеге асырып,  қызметімді тек мамандық емес, ел алдындағы борыш, азаматтық міндет деп білемін. Бұл салаға 2015 жылы  қызметке қабылдандым. 2015-2019 жылдар аралығында жол-патрульдік полиция тобында инспектор болып, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жауапты міндеттерді абыроймен атқардым.  2019 жылдан 2022 жылға дейін аудандық уақытша ұстау изоляторында кезекші қызметкер ретінде жұмысқа кірістім. Бұл кезеңде  құқық бұзушыларды заң шеңберінде уақытша ұстау, ішкі тәртіпті сақтау, бекітілген ережелердің орындалуын қамтамасыз ету сынды маңызды міндеттерді жүзеге асырдым. Адам құқығын сақтау мен заң талаптарын бұлжытпай орындау – бұл қызметтің басты қағидасы болды. Сөйтіп 2022 жылы жол-патрульдік полиция тобына қайта оралып, аға инспектор қызметіне тағайындалдым. Бұған дейінгі тәжірибесі мен жинақтаған кәсіби білігім, тәртіпті қатаң қадағалайтын, талапшыл маман ретінде көптің ықыласына бөлендім. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуді баса назарға ұстадым. Бұл кезеңде де  қызметіме адалдықпен қарап, тұрғындардың сенімінен шыға білу – зор мақтаныш.Учаскелік қызмет – тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін, қоғаммен етене араласатын жауапты сала. Әрбір адамның мәселесіне құлақ асып, көмек көрсету – біздің басты парызымыз. Ал қазіргі таңда ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Аққыстау ауылдық округіне бекітілген учаскелік полиция инспекторы қызметіндемін. Полиция қызметінің талабы қатал. Әйтсе де, осы қызметте жұмыс істеп жатқаныма мүлдем өкінбеймін. Керісінше құқық қорғау саласында қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Егер мәселелер туындап жатса халық алдымен бізге көмек сұрап келеді. Халықпен тығыз қарым- қатынас орнату да біздің міндетіміз. Сол жауапты істі өз мойнына алған билік пен заң өкілінің қызметке адал болуы қауіпсіздікті сақтап, қылмысты дер кезінде ашуы, адамгершілік тұрғысынан қателікке жол бермеуі - бұлжымайтын парыз.

 

 

– Учаскелік полиция инспекторының күнделікті қызметі туралы кеңірек айтып өтсеңіз?

– Полиция – аса күрделі де жауапты, адам бойындағы өжеттілік қасиетін талап ететін мамандық. Құқық қорғау саласында қызмет ету үшін тек қана білімді, білікті ғана емес, шымыр, білекті, спортқа бейім болған да артық етпейді. Сабыр, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті қасиеттер қатарында. Сонымен қатар ұстамды болу, адамдармен араласа білу, сыпайы болу да маңызды.

«Ең бастысы өз кәсібіне кір келтірмеу үшін адалдық керек. Халыққа қамқор бола білсе, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болса, «полиция –қорғаның» дегеніне ел-жұрт сенер еді.  Біздің негізгі міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу, жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздіктердің алдын алу, мал ұрлығы, алаяқтық сынды қылмыстармен күресу. Бұдан бөлек, өзімізге тиесілі аумақта профилактикалық жұмыстар жүргіземіз, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырамыз.

 

 

– Тұрғындармен байланыс қалай жүргізіледі? Қандай жаңашыл тәсілдер бар?

– Қазіргі кезде халықпен байланыс орнатудың түрлі тәсілдері бар. Учаскелік инспектор ретінде әрбір отбасыны тануға тырысамын. Тұрғындармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнату – қызметіміздің нәтижелі болуының басты шарты. WhatsApp мессенджері арқылы да тұрғындармен байланыс орнатып, жедел әрекет етуге мүмкіндік жасап отырмыз. Сонымен қатар есептік кездесулер мен түсіндіру жиындары тұрақты өтеді. Кейде көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен жиі қарым-қатынас орнатып, байланысып тұрамын.

 

 

– Соңғы уақытта жиі тіркелетін құқық бұзушылықтар қандай сипатта?

– Соңғы жылдары интернет-алаяқтық деректері жиілеп кетті. Адамдар сенгіштігінің салдарынан алаяқтардың құрбанына айналып жатады. Әсіресе, балалардың велосипеді жиі ұрланады.Бізге ата-аналардан жиі шағым түседі. Сондай-ақ мал ұрлығы бойынша да деректер тіркеледі.Біздің жұмыс оның алдын алу, болған жағдайда қылмысты ашу. Осыған байланысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп отырмыз.  Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық пен мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтарға жол бермеу – басты назарда. Отбасылық кикілжің, қол көтеру, ұрып-соғу, өзгелердің мазасын алу жағдайында көптеген масаң күйіндегі азаматтар тіркеліп жатады. Оларға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз немесе тәулікке қамауға ұсталады.

 

– Жұмыс барысында кездесетін қиындықтар бар ма?

– Әрине, жұмыс болған соң түрлі жағдайлар болады. Бірақ біз кез келген мәселені заң аясында, сабырмен және кәсіби біліктілікпен шешуге тырысамыз. Қиындықты тұрғындардың сенімі мен әріптестерімнің қолдауы арқылы жеңуге болады деп ойлаймын.

 

 

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Өзіме жүктелген міндетті адал атқару – басты мақсатым. Бұрын бала кезден арман болған формам, бүгін күні мақтанышым. Қызмет барысында халықтың сенімінен шығу, елдің тыныштығын сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір полиция қызметкерінің борышы деп білемін. Қоғам тыныштығы – тұрақтылық пен бейбіт тірліктің негізі. Ал сол тыныштықты күзетіп жүрген тәртіп сақшыларын баршасы қолдап, олардың еңбегін бағалау – баршаға ортақ міндет.

 

– Әңгімеңізге көп рахмет! Еңбекте табысты болыңыз!

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT