Артық қаржы бюджетке кері қайтарылады

сурет ғаламтордан

 

Атырауда онлайн бюджеттік мониторинг арқылы денсаулық сақтау, білім беру, дене шынықтыру және спорт ұйымдарындағы қаржылық кемшіліктер анықталды. Осылайша, мемлекет қаражатының мақсатсыз жұмсалу деректерінің жолы кесілді. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінде өткен жиын барысында атап айтылды.

Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы Саягүл Сапарованың айтуынша, «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулі жүйесі арқылы өңірдегі 63 білім беру, 8 дене шынықтыру, спорт ұйымы, 6 денсаулық сақтау мекемесіне мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 132 млрд.теңгеге ден қою шаралары жүргізілген. Нақтылап айтсақ, С. Шарипова атындағы Доссор мектеп-интернатының бас есепшісінің карт-шотына былтыр жалақы түрінде 8 млн. 126 мың теңге және мектеп директорына 11 млн. 746 мың теңге бюджет қаржысы бойынша ықтимал бұзушылықтар анықталып, артық аударылған ақшаны қазынаға кері қайтару үшін хат-хабарлама жолданған.

Осылайша, бас есепшіге өткен жылғы еңбекақыдан артық аударылған 2 млн.421 мың теңге, 51 мың теңге іссапар шығыны, 250 мың теңге сыйақы, директорға жіберілген 217 мың теңге, 593 мың теңге сыйақы кәсіпорын шотына аударылып, бүгінде бюджетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Сондай-ақ, осы мекемеге жүргізілген мониторинг нәтижесінде бірқатар қызметкерге қаражаттың артық аударылғаны анықталған.

Мұндай кемшіліктер Исатай аудандық білім бөліміне қарасты орта мектептерден де шыққан. Қазір негізсіз аударылған қаражатты бюджетке кері қайтару шаралары қолға алынған.

«Облыстық білім беру басқармасы тарапынан аталған мекемелерге ұсынылған хабарламалар тиісінше орындалмай, Еңбек кодексіне сәйкес анықталған бұзушылықтарды қалпына келтіруге хат жолдадық. Бүгінде атқарылған жұмыстар туралы ақпарат күтіп отырмыз. Осындай жағдайлар №43 жалпы білім беретін орта мектеп, Н. Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты, С. Зиманов атындағы №37 жалпы білім беретін орта мектебі, Н. Балғымбаев атындағы №42 жалпы білім орта мектеп, У. Атамбаев атындағы №8 орта мектеп, Б. Нысанбаев атныдағы орта мектеп, №44 мектеп-гимназиясында да орын алып отыр. Өкінішке қарай, бір есепшінің бірнеше мектепте жоғары жүктемемен жұмыс жасап, Еңбек кодексі талаптарының бұзылып отырғанын да айтпай кетпеске болмайды. Облыстық білім беру басқармасы өңірде есепші мамандардың жетіспейтіндігінен осындай мәселе туындағанын жеткізді»,-дейді Саягүл Сапарова.

Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар арқылы жұмыссыздар есебінде тұрған есепші, экономист, қаржыгерлердің тізімін сұратыпты.

Белгілі болғандай, облыс орталығында 431 есепші, 89 экономист, 55 қаржыгер, Жылыойда – 30, Индерде – 8, Исатайда – 10, Құрманғазыда – 40, Қызылқоғада – 23, Мақатта – 12, Махамбетте – 36 жұмыссыз тіркеуде тұр.

 


Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT