АРУЛАР – ЖАРЫС ТӨРІНДЕ

2022 жылдан бері әйелдер арасында волейболдан аудандық турнир өткізу дәстүрге айналған. Биыл бұл жарыс жаңа деңгейге көтеріліп, ауданда алғаш рет облыстық турнир ұйымдастырылды. Бұл – аудан спорты үшін маңызды оқиға. Турнир өткізу арқылы ауданның спорт тарихында жаңа белес жасалып, ауыл спортының дамуына тың серпін берілді. Жарыс 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Жанбай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. Спорттық рух пен мерекелік көңіл-күй тоғысқан шара Исатай аудан әкімдігінің қолдауымен, аудан әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая-сат жөніндегі комиссия жоспарына сәйкес ұйымдастырылды, - деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті.  

Сонымен қатар аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Жаныңдамын» қоғамдық қоры да бұл турнирдің жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болды.

 

 

Облысымыздың әр өңірінен жиналған командалар бұл күні тек өз шеберліктерін ғана емес, спортқа деген сүйіспеншіліктерін де көрсетті. Жарысқа Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығы, Жылыой, Индер, Мақат, Құрманғазы, Махамбет аудандарының командалары, сондай-ақ Исатай ауданының «Исатай-гендер» және Жанбай ауылы командалары қатысты. Турнирдің бас төрешілері ретінде Атырау қаласынан арнайы шақырылған Әли Жарылғасов пен Сәуірбек Сағидолла төрелік етті.

 

 

Жарыстың ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз алған аудан әкімі Нұрым Мусин турнирдің маңыздылығына айрықша тоқталды. Жарыстың тек спорттық бәсеке ғана емес, әйелдердің белсенді өмір салтын қолдауға бағытталған игі бастама екенін атап өтті. Сондай-ақ ол қатысушы командаларға сәттілік тілеп, әр командаға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

 

 

Турнир барысында әр кездесу тартысты өтті. Қатысушылар өздерінің шеберліктерін көрсетіп, жанкүйерлерге керемет спорттық көңіл-күй сыйлады. Ал жарыстың ең әсерлі сәттерінің бірі – аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Нұрғайша Абежанның жарысқа қатысушы аруларға ерекше құрмет көрсетуі болды. Ол Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі әрі команда капитаны, «Әйел және Инвент» тобының жетекшісі, «Elza_art_kz» сән үйінің негізін қалаушы, дизайнер, ұлттық сән өнерін дәріптеуші Эльза Қалиева мен «Исатай-гендер» командасының үздік ойыншысы Жанна Даутованы туған күндерімен құттықтады.Турнирдің қызу тартысына қарамастан, бұл сәт ерекше жылылық пен мерекелік көңіл- күй сыйлады. Көрермендер мен қатысушылар шын жүректен қол соғып, туған күн иелеріне өз құрметін білдірді. Нұрғайша Халидоллақызы қос аруға арнап арнайы Құттықтау хаттар мен гүл шоқтарын табыс етіп, олардың спорттағы жетістіктері мен қоғамдағы белсенділігін атап өтті. Бұл шынайы ықылас тек спорт мерекесін емес, бір-біріне деген сыйластық пен құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

 

 

Ауданның бұқаралық спортын дамытуда нәзікжандылардың қосқан үлесі орасан. Әсіресе аудан спортының мақтанышы, «БАРЫС» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының әдіскері, волейбол жаттықтырушысы әрі «Исатай-гендер» командасының белді ойыншысы, капитаны Шынар Рахметова. Ол тек өзі шебер ойын өрнегін көрсетіп қана қоймай, жас спортшыларды тәрбиелеп, волейболдың дамуына бар күш-жігерін арнап келеді. Әрбір турнирде оның ойынға деген құлшынысы, шебер тактикалары мен жеңіске деген ұмтылысы ерекше көзге түседі. Оның еңбегі аудан спортының биік белестерді бағындыруына жол ашып отыр. Осындай әр командадағы қатысушылар өз ауданының намысын қорғап, жеңіс үшін аянып қалмады. Волейбол добы жоғары серпілген сайын зал толы жанкүйерлер де ерекше жігерлене түсті.

 

 

Өңірлер арасындағы тартысты турнир өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде «Исатай-гендер» командасы үздік шығып, 1-орынды қанжығалап, 200 000 теңге сыйақыға ие болды. Одан кейінгі 2-орынды Жылыой ауданы алып, 120 000 теңгемен марапатталды. Ал 3-орын Махамбет ауданына бұйырып, команда 50 000 теңге жеңіп алды. Сонымен қатар 4-орынға табан тіреген Индер ауданы ерекше ынтасы мен жарысқа деген жігері үшін арнайы номинацияға лайық деп танылып, 30 000 теңге сыйақыға ие болды. Жылыой ауданынан Инабат Айсағали, «Исатай-гендер» командасынан Жанна Даутова, Махамбет ауданынан Амина Ринатқызы және Индер ауданынан Асия Манарбек өздерінің тамаша ойын өрнегімен көзге түсіп, «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды. Бұл дода қатысушылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта да осындай спорттық іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, әйелдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары жалғасын табатыны сөзсіз.

 

 

Жайна ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT