Аруларды ардақтаған ұжым

 Аудандық жұмыспен қамту, хал актілерін тіркеу және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің музыкант мұғалімдер ұжымы мен оқушылары ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектерге арнап мерекелік концерт қойды.

Концерт шымылдығы алдымен Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің мұғалімдер ансамблінің орындауындағы Динаның «8-март» пен Жасарал Еңсеповтың «Әке толғауы» күйлерімен ашылды. Бұдан кейін сахнаға аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқанов көтеріліп, шараға қатысушы барша ардақты аналар мен қыз-келіншектерді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтады.

-Құрметті ардақты аналар мен қыз-келіншектер! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, тағы 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні келді. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орын бөлек. Олай болатыны, аналарға деген ыстық  сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Өйткені, сіздер өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегісіздер. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек сіздермен ғана ажарлы. Бұл күн – отбасы берекесі мен ұйытқысы болып табылатын біздің аналарымыз, жарымыз, әпкелеріміз бен қыздарымызға жарқын көңіл мен жақсылық тілейтін күн. Сіздер өздеріңіздің ізгіліктеріңізбен, сыпайлықтарыңызбен өмірді шуақтандырып, әрқашан жақандарыңыз бен туыстарыңызға жылу сыйлап жүре беріңіздер, көктем мерекесі құтты болсын!-деді ол.

Сол күнгі мұндай ізгі құттықтауларға Атырау облыстық «Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігінің төрайымы Маржан Ерғалиева мен аталған бірлестіктің аудандық филиалының төрағасы Қуанышкерей Мұхитов та қосылып, өз лебіздерін білдірді. Шара кезінде балалар саз мектебінің оқушылары мен мұғалімдері концерт қойып, жиналғандардың көңілін серпілтіп тастады. Әсіресе, Іңкәр Ниғмет Абайдың «Көзімнің қарасы», Рахман Еркінғали И.Шатровтың шығармаларын бірі пианинода, екіншісі сазсырнайда нақышына келтіре орындаса, саз мектебінің мұғалімдері Асем Жолдасқызы, Перизат Есентайқызы, Айнагүл Әлімғалиқызы үкілі домбыраларымен қазақтың халық әндерін әуелете шырқап, нәзікжандылардың ризашылығына бөленді. Соңында оларға  мерекелік дастархан жайылып, сый-құрмет көрсетілді.

                                                                                                     Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521