АРУЖАН АСТАНАДАН ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

 

Жылда дәстүрлі түрде жалпы білім беретін мектеп оқушыларына арналған  «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасы өткізіліп келеді. Бұл олимпиаданың басқа жарыстардан бір  ерекшелігі білім бәйгесінде оза шапқан оқушылар ғана грант ұтып алу мүмкіндігі қарастырылған.  Күні кеше республика төрінде өткен білім бәйгесінен жерлесіміз, Абай атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Аружан Есенгелдіқызы жеңімпаз атанып, аудан мерейін асқақтатып қайтты.

Аталған білім додасы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани қазыналарын кеңінен насихаттау және оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін, мәдени дүниетанымын дамыту мақсатында ұйымдастырылуда. «Жарқын болашақ» олимпиадасы бес бағыт бойынша байқауды қамтиды: атап айтсақ, «Бейнелеушілер» (қазақ әдебиетіндегі шығармаларды комикс жанрында салу);  «Білгірлер бәйгесі» (мақал-мәтел, жұмбақ, ертегілер бойынша сайыс);  «Жас қаламгер» (жазбаша шығармашылық жұмыс), «Сөз шеберлері» (Көпшілік алдында белгілі бір тақырыпта сөз сөйлеу); «Әнші-бұлбұлдар» (ән айту) бойынша әр оқушы өзі таңдаған бағыты бойынша бақ сынайды.

 

 

Аружан Есенгелдіқызы «Жас қаламгер» бағыты бойынша олимпиаданың аудандық, облыстық кезеңінен ұшқыр ойлылығы әрі білімпаздығымен топ жарып шыққан.Ол туралы бізге қуанышты хабарымен бөліскен жетекшісі Айдана Байболатова баяндап берген еді.

- Айдана  ақын әрі жазушылық бағытты таңдап жүрген белсенді оқушы. Ол екі кезеңнен де сүрінбей өтіп, республикалық білім додасынан чемпион атанып, мерейімізді тасытты.
Астана қаласында өткен олимпиадаға қатысушы оқушымыз сол жерде берілген белгілі тақырыпқа әлеуметтік мәселелерді қатыстырып, сюжетті шығармасын жазды.Әділқазылар алқасында кіл мықтылар белгілі газет, журнал редакторлары, журналисттер болды. Олар шәкіртімнің шығармасын ұнатып, лайықты бағасын берді. Сондай-ақ Аружан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне грант ұтып алды. Алайда біздер 10-сынып оқушысы болғандықтан біздің грант 2-орын алған ақтөбелік 11-сынып оқушысына бұйырды, - дейді ол бізбен болған әңгімесінде.

 

 

Сонымен қатар жетекшінің айтуынша, дарындылығы мен зеректігі арқылы көзге түскен шәкіртіне республикалық газет, журнал редакторлары ұсыныс айтып, шығармашылық жұмыстардан қол үзбеу қажеттігін тілге тиек еткен.Ендеше, болашағынан зор үміт күттіретін жерлесімізге сәттілік тілейміз!

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT