«Ашық есік» күні оқушыларға арналды

Аудандық полиция бөлімінде «Ашық есік» күні өткізілді. Шараға Аққыстау орта мектебінің 9-11 сынып оқушылары қатысты.

 «Ашық есік» күнін ұйымдастырудағы негізгі мақсат- жас өскелең ұрпақтың патриоттық рухын көтеру, ішкі істер органдары қызметкерлері жайлы дұрыс, оң көзқарасты қалыптастыру, олардың күнделікті қызметі туралы дұрыс түсінік қалыптастыру және полиция қызметкерлерінің жұмысымен таныстыру болып табылады. Шара барысында “102” телефон желісіне түскен хабарламалардың қабылдануы, тіркелуі және жасақты жіберу тәртібінен бастап, әкімшілік қамаққа алынған құқықбұзушылардың камералары, серуендеу, тамақтану орындары көрсетілді. Бөлімдегі тергеуші, анықтаушы, жедел уәкіл, ақпараттық және байланыс тобы инспекторларының атқаратын қызметтері атап өтілді. Бөлімнің аға криминалист маманы полиция майоры Берікболат Сапаров оқушыларға қылмыс оқиғасы болған орындарға тергеу тобы барған кезде қылмыстың қалай жасалғанын және қалдырылған заттай дәлелдемелерді алу қылмыстың ашылуына үлкен ықпал ететінін ашып айтты.

 Тергеу жұмыстарының қыр-сырын көрсетіп, қолданатын құрал-жабдықтарды көрсетіп, оқушыларға түсіндірді. Қару қоймасының меңгерушісі әрі қару шебері, полиция кіші сержанты Ернат Болатбекұлы қатысушыларға арнайы құралдарды, қару-жарақтарды таныстырып, толық мәлімдеді. Оқушылар алғаш рет шынайы қаруды көргендегі таңданыстарын жасыра алмады. Айрықша қызығушылықпен түрлі сұрақтарды қарша боратты. Қауіпті қарудың маңыздылығы мен қатерін, тек қана қызмет бабында арнайы мамандардың қолдану керектігі жіті түсіндіріліп, құнды ақпараттар айтылды. Оқушылар патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы, полиция кіші лейтенанты Нұржан Ғалымовпен бірге қызметтік автокөлікпен танысты. Автокөліктегі жарық шамдарын қосу, рация арқылы байланысқа шығу, кеуде-бейне жетондарын пайдалану тәртібін көрсетіп, қызмет бабындағы тәжірибесімен бөлісті. Жасөспірімдер өздеріне қызықты толғандырған түрлі сұрақтар қойып, мамандардан нақты жауап алды. Оқушылардың кейбіріне «Ашық есік» күні болашақ мамандықтарын да таңдауға мүмкіндік  берді. Аталмыш шара арқылы полиция мамандығына қызығушылық танытып, болашақ мамандығы ретінде көретіндерін де жасырмады. Сонымен қатар қызмет бабында қаза тапқан батырларымыздың «Ерлік бұрышы» таныстырылып, ерліктері туралы баяндалды. Оған қоса аудандық полиция бөлімінде бұрын еңбек еткен ардагер қызметкерлер де таныстырылды. Ең бастысы, балалар полиция қызметінің қиын да қатерлі жұмыстарының жауапкершілігін түсінді. Қатысушылар мұндай «Ашық есік күні» сияқты шаралардың болашақта тәртіп сақшысы болуға деген қызығушылығын тудыратынын айтып, ризашылықтарын білдірді. Көкейкесті сұрақтар мен толғандырған ойлар ортаға салынып, қатысушылар кәделеріне жарар жауаптарын ала алды.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521