Әскери қызметкер болғың келсе

Бүгіндері әртүрлі сала маманы атануды көздеген биылғы мектеп бітіруші түлектер «еліміздің қай жоғары оқу орынын таңдасам екен, қай мамандықты меңгерсем екен» деп ойланып жүргені анық.

Сондай-ақ түлектердің арасында әскери мамандықты меңгеруге құлықты жастардың да бар екені даусыз. Сол себепті, біздер биыл 11-ші сыныпты бітіруші түлектерге елімізде құрлық әскерлерінің әскери интитутына (Алматы), байланыс және радиоэлектроника әскери институтына (Алматы), әуе қорғаныс күштері әскери институтына (Ақтөбе) оқу орындарына барып, түсуге болатынын қаперге бергіміз келеді.

Аталған әскери оқу орындары кітапханамен, спорт залдарымен,  компьютерлік сыныптармен жарақтандырылған. Курсанттар жайлы типтік жатақханаларға орналастырылады. Оқу кезінде үш мезгіл тегін тамақпен, формалы киіммен, қажетті оқулықтармен, жәрдемақымен қамтамасыз етіледі. Шәкіртақы төленеді. Жыл сайын курсанттарға қысқы және жазғы каникулдық демалыстар беріледі. Демалыс кезінде бару және келу жолақысы тегін болады. Оқуды аяқтағаннан кейін, курсанттарға әскери лейтенант шені мен жоғары білімі жөніндегі диплом беріледі. Институтты аяқтағаннан соң, офицерлермен келісімшарт жасалады, олар офицерлік құрамға тағайындалады және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде әскери қызметтен өтеді. Сондай-ақ ұлттық бірыңғай тесті маусым айында тапсырылып болуы керек. Пән таңдауға шектеу қойылмайды, тек бес пәннен 50 –баллдан, соның ішінде математикадан немесе математикалық сауаттылығынан 7- баллдан, ал, басқа пәндерден 4-баллдан төмен болмауы керек. Түлектер дәрігерлік комиссиядан өтуге міндетті, тек әскери қызметке жарамды болғандар ғана әскери институттарға үміткер бола алады.

Щучинск кадет корпусы

Шоқан Уәлиханов атындағы Щучинск кадет корпусы 2009 жылы колледж мәртебесін алған болатын. Онда 11-ші сыныптан кейін оқиды. Оқу мерзімі 1 жыл 8 ай. Оқуды бтірген соң, курсанттарға шен атақтары беріледі. Бір ескеретін нәрсе, ҰБТ тапсырмай тұрып-ақ, аттестат бағасы 3,5 баллдан төмен болмауы керек.

Құрлық әскерлерінің әскери институты

Еліміздегі әскери мамандар даярлау ісінде нағыз ұстахана саналатын құрлық әскерлерінің әскери институты офицерлік кадрларды 11 мамандық бойынша дайындайды:

1. Мотоатқыш әскерлерінің командалық-тактикалық даярлығы;

2. Әуе-десанттық әскерлерінің және әскери барлаудың командалық-тактикалық даярлығы;

3. Танк әскерлерінің командалық-тактикалық даярлығы;

4. Артиллерияның командалық-тактикалық даярлығы;

5. Автокөлік әскерлерінің командалық-тактикалық даярлығы;

6. Азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық;

7. Киім-кешекпен қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық; Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық;

8. Бронетанктық қару-жарақ және техника;

9. Инженерлік әскерлердің командалық-тактикалық даярлығы;

10. Әскерлерді ракета-артиллериялық қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық;

11. Әскери аударма ісі.

Құрлық әскерлерінің әскери институты келесі мекенжай бойынша орналасқан: Алматы қаласы, Красногорская көш. 35, тел: 8 (7272) 90-18-20, 90-12-42

Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты

Жоғарғы оқу орындарының негізгі міндеті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскерлері мен қаруланудың зенитті ракеталық, радиотехникалық әскерлерінің, байланыс бөлімдерінің, авиацияны радиотехникалық қамтамасыз етудің, автоматтандырылған басқару жүйелерінің кәсіби офицерлерін дайындау.

Білім мекемесінде болашақ офицерлер бес мамандық бойынша оқытылады:

1. Радиобайланыс пен көздеу;

2. Радиобайланыс пен зенитті ракеталық әскерлердің қондырғыларын жөндеу;

3. Зенитті ракеталық әскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің радиотехникасы;

4. Радиотехникалық әскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің радиотехникасы;

5. ҚР ҚК автоматты басқару жүйелерінің инженері.

Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Я.Бегельдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институты

Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты деп аты айтып тұрғандай, еліміздегі әскери ұшқыш, әскери инженер мамандарды әзірлейтін жалғыз білім ордасы. Институттың негізгі міндеттері – әскери авиацияға офицерлік кадрларды дайындау, әскери теорияны дамыту, қоғамдық ғылымдардың әскери, қару-жарақ, авиациялық әскери техниканың мәселелеріне бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізу, әскерлердің қауіпсіздігі және жауынгерлік дайындығын арттыру болып табылады.

Институт болашақ мамандарды 8 мамандық бойынша даярлайды:

1. Ұшқыш аппараттарын пайдалану, фронттық авиацияның командалық тактикасы;

2. Ұшқыш аппараттарын пайдалану, армия авиациясының командалық тактикасы;

3. Штурмандық авияцияның тактикасы;

4. Авиациямен жауынгерлік басқарудың командалық тактикасы;

5. Ұшқыш аппараттардың және оталғыштардың техникалық пайдалануы;        

6. Авиациялық радиоэлектронды құрал-жабдық;

7. Авияциялық электрофикациялық және ұшқыштық-көздеуіш радиоэлектронды құрал-жабдықтың техникалық пайдалануы;

8. Авиациялық қару-жарақтану.

Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты Ақтөбе қаласы, Молдағұлова көшесі 16 мекенжайында орналасқан. Тел: 8 (7132) 52-28-45; 52-16-88.

Төменде көрсетілген оқуға қабылдау ережесі үш әскери институтқа да бірей қатысы бар.

Оқуға қабылдау ережелері:

Ал, енді осы жоғарыда аталған әскери білім мекемесіне оқуға барам деуші түлектер не істеуі керек? Қандай құжаттарды дайындауы тиіс?

1) Әскери мамандықты таңдаған түлек 25 шілдеге дейін тегін, атын және әкесінің атын, туған күнін, білім деңгейін, әскери оқу орнының және ол бойынша оқуға ниет білдірген мамандықтың атауын көрсете отырып, жергілікті әскери басқару органдарына өтініш жолдайды;

2) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери білім және ғылым департаменті жыл сайын 20 маусымға дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен қабылдау және апелляциялық комиссиялардың құрамдарын, олардың міндеттерін, қабылдау комиссиясының жұмыс жоспарын, сондай-ақ ҰБТ-дан өту балын бекітеді.

3) Жоғары әскери оқу орындарына қабылдау 1-25 тамыз аралығында өтеді. Әскери білім мекемесін таңдаған түлек ең әуелі ҰБТ қорытындысын апарады. Әскери институттардың талабы – тестілеудің балы жоғары болуы тиіс.

4) Келесі кезекте ҰБТ балы жеткілікті деп шешілген соң, түлектер дене даярлығы бойынша нормативтер тапсырады;

5) Медициналық тексерістен өтеді;

6) Психологиялық тест тапсырады.

Бүгінгі таңда білекке емес, білімге сенетін заман. Уақыт өзгерген сайын, заман түрленіп, талап та күшейді. Әскери салаға барамын деуші түлек үшін, білім және дене даярлығының жоғары көрсеткіші маңызды мәселе болып табылады. Спортта дәрежелі болып, халықаралық жарыстардың жеңімпазы болса, тіпті жақсы. Бір орынға бірдей ұпаймен талас туған жағдайда, спорттық жетістіктер мен олимпиададағы жетістіктер ескеріледі. Одан кейін талапкердің интеллектісі маңызды орын алады. Өйткені, ол жерде қатардағы сарбаз емес, берген тапсырманы орындай алатын, мәселені шешуге келгенде таптырмайтын маман – болашақ офицерлер даярланады.

Алдағы уақытта оқу баруға тілек білдірген жас түлектер Исатай ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне мына мекен-жайға Аққыстау ауылы, Ынтымақ көшесі-23, 8 71 231- 2-08-51, 2-07-53, 2-07-41 телефондарына хабарласыңыздар.

Бақытжан ТӨЛЕГЕНОВ,

Исатай аудандық қорғаныс істері жөніндегі

бөлім бастығының міндетін уақытша атқарушы, майор 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521