Бүгін Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Атырау облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Асхат Оралов Атырау жұртшылығымен кездесті. Жиында халық алдында есеп беріп, тұрғындар сауалына жауап берді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңір тұрғындарымен кездесу барысында А.Оралов министрліктің атқарған жұмыстарына тоқталып, еліміздегі мәдениет, спорт, туризм, кино салаларының өсу процессін баяндады.
- Жақында мәдени саясатымыздың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Онда алға қойған негізгі мақсаттарымыз айқындалды. Биыл тұғырлы тұлғалардың мерейтойын кеңінен атап өтудеміз. Нақтылай айтқанда, даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығын халықаралық деңгейде өткізу жоспарда бар. Дешті Қыпшақ даласының даңқты перзенті мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, шығармашылық кештер, көрмелер ұйымдастырылуда. Жыл басталған сәтте Сұлтан Бейбарыстың есімі елорданың бір көшесіне берілді. Сонымен қатар күзде Қазақстанның Мысырдағы мәдениет күндерін өткізу жоспарда тұр. XXX-шы Каир халықаралық қазіргі заманғы эксперименталды театр фестивалінде өздеріңіздің іргелі қара шаңырақтарыңыз, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан жазушы Рахымжан Отарбаев ағамыздың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклін сахналау, республикалық айтыс, суретшілердің республикалық симпозиумы сияқты шаралармен облыстың мәдениет мекемелері белсенділігіне ерекше тоқталуға болады,- деді министр.
Министр биыл Атырау облысында 12 мәдениет нысанында жөндеу және екі нысанды салу жұмыстары көзделіп отырғанын, 2027 жылға дейін 20 спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін құрылысын салу жоспарланғанын жеткізді.
Кездесу барысында өңір тұрғындары туризм саласын дамыту, мүгедектігі бар спортшыларға көңіл бөлу, арнайы жаттығу орнын салуға жер беру, жеке спорт мектептеріндегі жаттығушы балаларды жарыстарға жіберуге қаржы бөлу, футзалға арналған манеж салу сынды бірқатар жобалар ұсынды. Кездесу соңы министдің жеке қабылдауымен жалғасты.