Асығып қайда барамыз?

Бала күнімізде жүк көліктерінің артына жазылған «Айналайын, асықпа!», «Сенбесең, озба!» деген сынды ескертулерді оқып, «онысы несі?» деуші едік.

Жұпынылау көлікке сырмен жазыла салған бұл сөздердің сыры тереңде екенін қазірдің өзінде бала түгілі, үлкендердің ұғына бермейтінін мойындамасқа лаж жоқ. Бұған салғырттық салдарынан жол бойында жиі орын алатын жан түршігерлік көлік оқиғалары мен адам өліміне апарып жатқан апаттар анық дәлел бола алады. Себептері белгілі жол апаттарының алдын алуға құлықсыздық танытатын да өзіміз. Біраз жасқа келсе де ризығын жол бойынан жиған бір таксисті білуші едім. Өмірден көрген-түйгені мол әлгі жүргізуші ұзын жолға шықпас бұрын есіктердің бәрін ашып, қайта жауып, қауіпсіздік белдігін бір тексеріп алмай, қозғалмайды. Оның бұл әрекетіне төзімі таусылатындар да кездесіп жатады. Өйткені, уақыт алмай, тезірек жүргенін қалайды. Асығыс бәрі... Алайда, осы асығыстық салдарынан сан соғып, орны толмас өкініштерге ұрынып жататынымызды біле бермейміз. Білсек те, мән беріле бермейді. Адамдардың тағдырын тал-қыға салып, «әттең, олай еткенде былай болушы еді ғой» деп күпірлік қылудан аулақпыз. Десек те, әр оқиғаның артында оған әсер ететін бір себептің тұратыны анық. Соны анықтау, саралау мақсатында қолымыз жеткен мәліметтермен бөлісіп, мамандардың пікірін ұсынуды жөн көрдік.

Үш айда алты адам ажал құшты

Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция аға лейтенанты Ғафур Қарабалиннің айтуынша, аудан бойынша былтырғы жылы 12 жол-көлік оқиғасы орын алып, одан 1 адам қаза тапқан. 13 адам әртүрлі дене жарақатын алыпты. Ал, биылғы жылдың алғашқы 3 айында 3 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам қаза тауып, 6 азамат дене жарақаттарымен ауруханаға түскен. - Мемлекеттік маңызы бар болғандықтан, «Атырау-Астрахан» тасжолын қадағалау біздің құзырымызға кірмейді. Ал, аудан көлеміндегі жол тәртібінің бұзылуына келер болсақ, көбіне-көп жылдамдықты шамадан тыс асыру байқалып жатады. Алайда, дәл қазіргі күнде көліктердің жылдамдығын алыстан анықтайтын заманауи құрылғымыз істен шығып, қолбайлау болып тұрған жайы бар, - дейді ол. Жылдың қаңтар, ақпан айларында «Атырау – Астрахан» күре жолында орын алған жол апаттары көптің есінде шығар.

Айта кетер болсақ, оның бірінде тасжолдың 232/661 шақырымында азамат А.К-тың басқаруындағы «Hyundai Accent» маркалы автокөлігі Аққыстау ауылынан Атырау қаласы бағытына қарай жүре отырып, жол ережесіндегі талаптарды өрескел бұзып, қарсы жол жолағына шығып кетіп, Атырау қаласынан Аққыстау ауылы бағытына келе жатқан А.Б-тың басқаруындағы «Ваз – 2115» маркалы автокөлігімен соқтығысып, көлік апатын жасаған. Салдарынан ауданымыздың 5 азаматы оқиға орнында ажал құшты. Аудан орталығынан Атырау қаласы бағытына бет алған бір азаматтың көлік құралының басқару жүйесін игере алмай, жол ережесі талаптарын бұзуы да абайсызда адам өліміне әкеліп соққан болатын. Жоғарыда келтіріп кеткеніміз аудан бойынша белгілі болған мәліметтер. Ал, Атырау облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің бізге берген хабарынан «Атырау-Астрахан» тасжолында биыл 5 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам қаза тауып, 7 адам әртүрлі дене жарақатын алғандығын білдік. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар бұл тасжолда жұмыс атқаратын ішкі істер департаменті жанындағы жол-патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жылдамдықты асыру бойынша шамамен күніне 33, айына, 1000 әкімшілік хаттама толтырады екен. Баспасөз қызметінің айтуынша, күре жолда болатын жол апаттарының басты себептері жүргізушілердің жол жүру ережелерін сақтамағандықтан, атап айтқанда, жылдамдықты асыру, басып озу, қарсы бақытқа шығу, маневр жасағанда жол белгілерінің талабын орындамағандықтан және жүргізушілердің бір-біріне деген қайырлымдылығының аздығынан көрінеді.

Адам өмірі алдыңғы орныда тұруы тиіс

- Жол апаттарының себебі жайлы айта қалсақ, көбіне-көп жолдың жыртығын немесе басқа да себептерді алға тартамыз. Дұрысырағы, жүргізушілердің жауапкершілігінің төмендігінен көргеніміз абзал. Өйткені, әрбір жүргізуші жауапкершілікті өз міндетіне алуы тиіс. Әсіресе, таксистер жолаушылардың қауіпсіздігіне мән беруі керек. Себебі, қай жерде де адам өмірі оның амандығы алдыңғы орында тұрады, -дейді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция аға лейтенанты Ғафур Қарабалин.

Қамшы бассаң, жүйітки жөнелетін шетелдік автокөліктерді тізгіндеген таксистердің тәртібі өз алдына бір әңгіме. Шынын айту керек, темір тұлпары барлардың заңды кәсіпкер болып тіркелмесе де, қалаға шыға қалса, ақысына адам алмай кетпейтіндері кем де кем. Ал, олардың такси немесе жай ғана көлік жүргізуші екенін айыру оңай емес. Ол үшін алдымен ауылдарда арнайы такситұрақ белгіленуі, такси паркі ашылуы қажет.

- Ауданда жолаушылар тасымалы пайдалы сала болып отыр. Соңғы жылдары пойыздардың кестесі жолаушыларға ыңғайсыз уақытта және көптеген пойыздар рейстен алынып тасталғалы бері халықтың сұранысына орай жеңіл көлік арқылы тасымалдау, яғни таксист қызметі жедел дамуда. Осы бағытта жүйелі кәсіпкерлікті қолға алып, дамыту үшін жолаушылар тасымалын ұйымдастыратын такси паркін ашу – кезек күттірмейтін мәселе, - дейді сала мамандары.

Ал бұған не кедергі деген сауалға келер болсақ, аудан бойынша Атырау қаласы Исатай ауданы бағытында және ауданаралық жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мақсатында жыл сайын маршрут жүргізу үшін кәсіпкерлер арасында конкурс жарияланып тұрғанымен, оған қатысуға ниет білдіруші кәсіпкер табылмай отырған көрінеді.

Жол апатына жолдың да қатысы бар

- Жол апаты себептерінің бірі жолдың тозығы жеткендігінен деп ойлаймын, - дейді қамысқалалық таксист Рысбек Мәдиев.

- Олай дейтінім, алдындағы көлік құралын басып озбақшы болған мәшинеге қарсы шыққан көліктің шоқалақтан қашамын деп екінші жолаққа шығып кетіп, кейін үлгере алмай қалуы салдарынан автокөліктердің бетпе-бет түйісу фактілері жиі кездесіп жүр. Жүргізушілердің олақтығын да айтпауға болмайды, әрине. Бас-көз жоқ, жолдың жағдайын да ескерместен, «оттан көйлек киетіндер» жылдамдықты асыру себепті өзіне ғана емес, өзгелерге де зиян шектіретіндігін ұғынғаны дұрыс. Түнгі уақыттарда қарсы беттегі жүргізушінің көзіне әсер ететіндей дәрежедегі өткір, рұқсат етілмеген фарларды қолдану да адамдарды қатеге душар қылуы әбден мүмкін.

- Негізінен жол апаты жылдамдықты асырудан туындайды. Қырық жылдан астам еңбек өтілі бар көлік жүргізуші ретінде айтарым, техника дамыған қазіргі уақытта көлікті жай жүргізетіндер өте аз. Басты себеп осыда деп ойлаймын,-дейді сауалымызға пікір білдірген өз ісінің маманы, аққыстаулық Қабес Меңдіғалиев.

– Екіншіден, жүргізушілерде қырағылық жетіспейді. Айтайын дегенім, қандай жағдай болмасын, темір тұлпарды ырқыңа бағындырып, жол таба алатындай тәжірибе жинап алмай, тәуекел етіп тізгін ұстамаған дұрыс. Өйткені, алдымен көлік жүргізушіде өзіне деген сенім болуы тиіс. Бұған тағы бір қосарым, жол бойында жүрген шоферлердің бір-біріне деген құрметі, ізеті болуы ләзім. Еңбек еткен жылдарымда біраз жерді араладым. Қазақстанның бар аймақтарын, Ресейдің көптеген қалаларында болдым. Олардан көргенім, жолда жүргізушілер бір-біріне жол беріп, ізеттілік танытып жатады. Бізде осы жағы жетісіңкіремейді. Сенен басып озуға тырысады, жол беру, әдеп сақтау сынды көлік жүргізушілерге тән қасиеттер керек-ақ,-дейді тәжірибелі жүргізуші. Жол бойындағы келеңсіздіктерді болдырмау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жоспарлы іс-шаралар өтудей ақ өтуде. Ай сайын аудандық ішкі істер бөлімі кірістер басқармасымен бірлесіп түсінік жұмыстарын жүргізіп отырады. Жол ережелерін, жол қауіпсіздігін сақтау бағытында түрлі акциялар да ұйымдастырылуда. Айыппұл арқалап жатқандар да аз емес. Бірақ, нәтиже шамалы. Ереже бұзу азаймай тұр.

Айтпақшы, соңғы кезде көлік жүргізу куәлігін жанын салып оқып жүріп алған адамды кезіктіріп көрдіңіз бе? Әй, қайдам. Сосын, «осы баламнан аяйтын нем бар?» деп, бәленбай миллион теңге ақша шығарып, жүйрік автокөлік әперіп, жүргізушілік куәлігін де қоса сатып ала салатын ата-аналар да жоқ емес. Иә, баладан аяйтын неміз бар? Бірақ, оның болашағын ойлап көрдік пе? Бетін аулақ қылсын, әрине, куәлігі қалтада тұрғанымен, жол ережесінің не екенін білмейтін ұлымыз бір қатеге душар болса, кім кінәлі? Содан соң, жүргізуші, өтініш, жай жүріңізші. Асығып қайда барамыз?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы кезінде алған жарақаттан әлемде жыл сайын 1,2 млн. адам көз жұмып, 50 мыңға жуығы жараланады екен. Ал Қазақстанда жыл сайын 2 мың адам ажал құшады. Еліміздің жолдарында күніне 100-ге жуық көлік апаты тіркелетін көрінеді.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521