Асылан Қайрушев - 5 дүркін қола жүлдегері

 

Болгария Республикасының Албена қаласында өткен Параармрестлингтен Әлем чемпионатында атыраулық спортшылар 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды.

Соның ішінде исатайлық Асылан Қайрушев сол қол бәсекесінде қола жүлдегер атанып, осымен қатарынан бесінші рет Әлем чемпионатының қола медалін иеленді. Бұл жеңіс – жерлесіміздің табандылығы мен ел намысын абыроймен қорғап келе жатқанын дәлелдейді.

Оның әр жеңісі спортқа деген табандылық пен қайсарлықтың айқын көрінісі. Біз осындай жағымды жаңалықты ести сала, қамысқалалық Асылан Қайрушевты құттықтап, сөзге тарттық.

– Әлемдік додада елдің намысын қорғау – кез келген спортшының арманы. Әр жүлде – мен үшін үлкен мәртебе ғана емес, туған жеріме деген алғысым. Осы әлем чемпионатына Исатай ауданы атынан Медет Супығалиев екеуміз бірге барып келдік. Былтыр ғана әлем чемпионатынан сол қолдан 2-орын, оң қолдан 3-орын иеленген болатынмын. Ал биыл сол қолдан 3-орын бұйырды. Бұл жеңістерде бапкерімнің еңбегі мен жанкүйерлердің қолдауы зор. Алдағы уақытта да биік шыңдарды бағындыруға талпынамын», – деді ол.

Осылайша, Исатай топырағынан түлеп ұшқан спортшының әлемдік аренадағы табыстары жас ұрпаққа үлгі болып, елдік рухты асқақтатып отыр. Оның қайсарлығы – ерік-жігердің, ал жеңістері – ел намысының айнасы.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT