"Атадан мал да қалсын, тал да қалсын". Айбастағы шаруагердің айтары бар

Алыстағы Айбастан көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар таратамыз деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті.

Таң ата аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қадыржан Ермұханов, Айбас елді мекенінің фельдшері Алуаш Қайыржанова Атырау арнасы мен аудандық "Нарын таңы" газетінің оператор, тілшілері болып Айбас ауылын бетке алдық. Мақсат - ондағы шаруалардың жай-күйін білу.

c7e1e8eb-94b9-451d-b7a2-9451aeb25d82

"Айтан" шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Айтанов құм өңіріндегі шаруагерлерінің қазіргі жағдайы әлдеқайда жақсы екендігін айтады. - Күн тақтасы арқылы қыстағымыз электрлендірілгенде көбі таңырқады. Ал, енді бүгін ретін тауып интернет желісін де тартып алдық. Бұндағы шаруалардың жағдайы жап-жақсы, - дейді ол.

- Мемлекет тарапынан қолдаулар көп. Өзіміз субсидия арқылы үш рет асыл тұқымды бұқа алдық, - деген шаруагер биылғы мал жайына да тоқталды. - Дала өрті мал азығын отап әкеткені рас. Дегенмен, Құдайдың күніне қарсылығымыз жоқ, шүкір дейміз. Екі-үш шақырым жерде шабындық та бар. Қолда қой малынан басқасының бәрі бар. Аллаға шүкір, әркім қолынан келетін іспен шұғылданады ғой. Біздің қолдан келетіні мал шаруашылығы болып тұр. Аудан басшылары да барынша қолдау білдіріп жатыр. Мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді дер кезінде түсіндіруде сала басшылары мен мамандарының да еңбегі зор, - дейді Ерлан Айтанов.

Ерланның ауласынан өсіп тұрған шырша талын көзіміз шалды. - Бұл - екі жыл бұрын отырғызылған тал. Алға қарай ауламды шыршаға толтырсам деймін. Атадан мал да қалсын, тал да қалсын, - дейді Ерлан.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521