Биыл мерекелік күнтізбемізге тағы бір кәсіби мереке қатары қосылды. Елімізде 10 – шілде «Ветеринариялық қызметкер күні» болып алғаш рет аталып өтілуде. Бүгін Исатай аудан әкімі Нұрым Мусин айтулы күнге орай ауданымыздың ветеринария саласы қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады.
- Баршаңызды кәсіби мереке - Ветеринария қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Экономиканың негізгі тірегі болып табылатын мал шаруашылығы саласында ветеринарияның маңызы зор. Сондықтан, ауыл шаруашылығын ветеринар мамандарынсыз елестету мүмкін емес. «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген тәмсілді бәріміз жақсы білеміз. Адамның денсаулығы төрт түліктің түрлі дерттен аман болуымен тікелей байланысты. Сондықтан, азық-түлік пен тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сіздердің қызметтеріңіз ерекше, – деді ол.
Іс-шара әрмен қарай марапаттау легіне ұласып, аудан әкімінің алғыс хатымен Райгүл Қапизоллақызы, Динара Мырзабекқызы, Исламғали Жұбанұлы, Алдаберген Тілепбергенұлы, Нұрлыбек Шәріпұлы, Артур Құмарұлы сынды сала мамандары марапатталды.
Сонымен қатар, аудандық маслихат төрағасы Аманжол Рахметов те жылы лебізін білдіріп, қиын кезде қиыншылыққа қиыспай, сара жолды салып өткен ардагерлердің еңбегін жоғары бағалап, бүгінгі жастарға үлгі-өнеге екендігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, көпжылдық жұмысы мен ветеринария саласындағы ерекше еңбегі үшін Мүтафира Қамиева, Ұлдай Ізтелеуова, Злиха Әлмұратова,Айсұлу Хабдулова, Калима Сарсенғалиева сынды ардагерлерге құрмет көрсетіп, марапат табыстады.
Одан бөлек, Тұщықұдық, Исатай ауылдық округі мен Исатай аудандық ветеринарлық стансасына жол талғамайтын жаңа автокөліктер берілді. Жаңа автокөлік кілттерін аталған сала қызметкерлеріне аудан әкімі Нұрым Мусин табыстады.
Сағыныш ҚАЙЫР