Қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Тұлпардың тұяғы дүбірлеткен сайын қазақтың рухы да дүр сілкінетіндей. Кешегі Керей мен Жәнібектен бастап, тәуелсіздік таңы атқанға дейін жылқы қазақтың сенімді серігі, айнымас қанаты болды. Бүгінде жаугершілік заман артта қалғанымен, тұлпарға деген сүйіспеншілік қазақтың қанына сіңген қасиет болып қалды. Бұл сүйіспеншілік тек ер-жігітке тән емес. жылқы десе, жүрегі алып-ұшып тұратын қыздар да бар. Соның бірі – Қамысқала ауылының тумасы Іңкәр Ғалимоллаева. Жиырма жастағы бойжеткен бала кезінен жылқының жалын тартып мініп, тұлпардың екпінімен еркін өскен.
– Атқа міну – мен үшін еркіндікпен тең. Демалыс күндері ауылға асығамын. Атқа отырып, кең далада самал желмен жарысып шапқанға не жетсін?! - дейді Іңкәр Әнуарбекқызы.
Іңкәр бүгінде ауыл тұрғындарына атпен серуендеуге мүмкіндік жасап отыр. Қамысқаланың жаймашуақ тіршілігін жылқының дүбірі әсемдей түскендей. Әсіресе демалыс күндері ауыл шетіндегі атқора маңында адам қарасы үзілмейді. Көпшілік табиғат аясында атқа мініп, бір сәт тынығып қайтуды дәстүрге айналдырған.
Қазақ тарихында атқа қонған қыздар аз болмаған. Тұлпардың тұяғы дүбірлеген сайын жүрек лүпілі артып, еркіндіктің лебі есетіндей. Дала табиғатымен жаны үндескен нәзікжандылардың өзге қыздардан ерек етер мінездің де, болмыстың да болуы заңдылық. Атбегі Іңкәр Әнуарбеуқызы үшін де жылқы – тек көлік емес, жан серігі, жанына қуат беретін серпін. Ол қазіргі таңда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және жаттықтырушы мамандығының 3-курс студенті. Бірақ оның өміріндегі ең үлкен мектеп – туған жері мен ата-анасы айналысатын мал шаруашылығы.
Атқа мінуді оған бауыры үйреткен. Ал еңбекке баулу – ата-анасының тәлімі. 4-сыныптан бастап қолына құман ұстап, сиыр сауып, қой қырқып, қора тазалап, ата-анасына қолғабыс болып келеді. Мал бағу, тезек жинау, қыста қарын аршу – оның бала күнінен дағдысына айналған. Бұл жұмыстарды ол ауырсынған емес, керісінше, еңбекпен есейгенін мақтан тұтады.
– Ауыл тіршілігі маған бөтен емес. Қолым қалт етсе, ауылға келіп, анама көмектесіп, малдың қамын жасаймын. Қаланың у-шуы кейде жалықтырып жібереді. Сондай кезде ауылдың кеңдігіне, аттың шабысына зәру боламын. Желмен жарысып шапқанда өзімді нағыз еркін адамдай сезінемін, - дейді біздің кейіпкер.
Ол жылқыны тек көлік ретінде ғана емес, қазақтың болмысымен біте қайнасқан қасиетті жануар ретінде көреді. Сондықтан да атқа мінген сайын рухы көтеріліп, шабысы күшейе түседі. Ауылдастарын да осы сезімді бастан кешіруге шақырып, атпен серуендеуге жағдай жасап жүрген жайы бар.Ауыл тұрғындары да оған дән риза көрінеді. Бүгінде Қамысқала ауылының тұрғындары Іңкәрдің ат қорасына жиі келеді. Демалыс күндері ауыл шетінде ат дүбірі тоқтамайды. Балалар да, ересектер де атқа мініп, табиғат аясында тынығып, ауылдың саф ауасымен сергиді. Іңкәр үшін бұл – жай ғана хобби емес, өмір салты. Атқа міну – оның бойына күш, жанына тыныштық, өміріне мағына сыйлайтын ерекше құбылыс. Сондықтан осы сезімді басқалардың да сезінгенін қалайды.
Іңкәрдің айтуынша, ат спорты – жай ғана ұлттық дәстүрді жалғастыру емес, адамның денсаулығын нығайтудың да таптырмас жолы.
– Атқа міну – жауынгерлік өнердің бір түрі ғана емес, тұтас бір табиғи ем. Бұрынғылардың ұзақ жасауының бір сыры да – жылқы түлігінің қасиетінде. Ат үстінде жүрген адам ауруды білмеген. Ал қазір балалар телефонға телміріп, қозғалыс азайғандықтан түрлі аурулар пайда болуда. Артық салмақ, омыртқа қисаюы, әлсіз иммунитет – бәрі де қимыл-қозғалыстың жетіспеушілігінен. Ал атқа мінген бала денесін тік ұстап үйренеді, бұлшықеттері нығаяды, қан айналымы жақсарады. Тіпті, жарты сағат ат үстінде серуендеудің өзі кешенді еммен тең. Сондықтан атқа міну – ұлттық болмысымызды сақтаудың ғана емес, денсаулықты нығайтудың да керемет жолы, - дейді Іңкәр Ғалимоллаева.
Қазақ қызы – тек нәзіктік пен инабаттың ғана емес, қайсарлық пен өжеттіліктің де символы. Іңкәр Әнуарбекқызы – соның жарқын дәлелі. Бүгінде ат спорты көбіне ер- азаматтардың еншісінде деп қабылданғанымен, Іңкәр сынды қыздар бұл ойдың қате екенін дәлелдеуде. Жігіттермен иық теңестіріп, тіпті кей тұста олардан оза шауып жүрген қазақ қыздары – нағыз қайсарлық пен жігердің үлгісі. Атқа мінген нәзік жанды ару тек өзін ғана емес, айналасын да рухтандырады.
Жұлдыз СЕМБИЕВА