Атқарылған шаруа аз емес, келер жылдан да күтеріміз көп

 

Уақыт көшіндегі тағы бір жылды қорытындылар сәт таяп келеді. Бұл – қай жерде де жасалынған істің қорытындыланып, алдағы істің жоспарланып жатқан шағы. Осы тұста 97 жыл жылнамасын түзген бұрынғы Новобогат, қазіргі Исатай ауданына тәуелсіздік жылдарында 13 әкім басшылық етсе, солардың арасынан алғаш сайланған аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы Мусин осы лауазымында аудан халқымен бірге үшінші мәрте жаңа жылды қарсы алғалы отыр екен. Аяқтала келген жылдың соңында ауданның әр ауылдық округінде есепті кездесулерін өткізіп, атқарылған істі саралап, жасалынар жұмысты салмақтаған аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде көкейде жүрген сауалдарымызды көлденең тартқан бізбен де әңгімелесуге мүмкіндік тапты. Бүгін сол сұхбатымызды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 

 

– Нұрым Бекежанұлы, жыл соңындағы қауырт қызметтің арасында уақыт бөліп, аудан айнасына сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет. Алдымен, ауданның осы жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жөнінде деректерге тоқталсаңыз.

– Рахмет. Жыл қорытындыланар тұста сұхбат ұйымдастыру жөніндегі аудандық газеттің ниетіне өзімнің ризашылығымды білдіремін. «Нарын таңының» тұрақты оқырманы ретінде де жұмыстарыңызға жетістіктер тілеймін.

Исатай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. 2025 жылдың 10 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 117 млрд. 306 млн. теңге болып, нақты көлем индексі 97,9 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 18 млрд. 534 млн. теңгені немесе 34,2 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі  2 млрд. 569 млн. теңгені құрады, нақты көлем индексі 255,6 пайыз. Салық және бюджет туралы айтсам, 2025 жылға бекітілген бюджет қаржысы 7 млрд. 463 млн. 753 мың теңге болса, нақтыланған  аудан бюджеті 11 млрд. 384 млн. 565 мың теңгені құрады. 2025 жылдың 10 айының қорытындысымен бюджетке түскен салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің нақты түсімі 7 846 млн. теңге, болжам 119,1 пайызға артық орындалды. Оның ішінде жергілікті бюджетке 3 729,6 млн. теңге түскен, болжамның орындалуы -150,8 пайыз. 
Бюджет қаражатының мерзімінде және сапалы игерілуі үнемі бақылауда ұсталып, қамтамасыз етілуде. Кәсіпкерлік саласында биылғы 10 айда 1 664 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 2024 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 91,9 пайызды құрап отыр. Ал, ауыл шаруашылығы саласы бойынша биылғы 1 қарашадағы статистикалық мәліметке сәйкес, ауыл шаруашылығы-ның жалпы өнімінің көлемі 11 млрд. 371,9 млн. теңгені құрап, жалпы өнім шығарылымы 109,4 пайыз құрағанын (1.11.2024 жылы – 9 млрд. 923,2 млн.теңге) айтуға болады.

Білім беру ісінде 2025-2026 оқу жылында 16 жалпы білім беру ұйымында 780 педагог қызмет атқарып, 5238 оқушы білім алады. Оның ішінде 1 сыныпқа 546 оқушы қабылданды. Оқу жылының ішінде оқушыларды кітап оқуға баулу, инженерлік білімді дамыту, функционалдық сауаттылық, шалғайдағы ауыл мектептерінде зертханалық жұмыстарды тиімді жүргізу, математикалық сауаттылықты арттыру тәрізді цифрлық жобалар іске асырылуда. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында да бірқатар жұмыстар жүргізілді. 
Мәдениет және спорт саласына келсек, 10 айда 302 мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылып, 49 816 адам қамтылды. Ауданда дене шынықтырумен, бұқаралық спортпен 6 482 адам шұғылданады, бұл аудан халқының 24,6 пайызын құрап отыр. 

Денсаулық сақтау саласына тоқталғанда, тұрғындардың алғашқы аурушылығы 2025 жылғы 10 айда 7 317 адам болып, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 7,6 пайызға өскен. Тұрғындардың туберкулезбен алғашқы аурушылық көрсеткіші 27,3 пайызға азайып отыр. Аудандағы демографиялық көрсеткіштер бойынша, үстіміздегі жылдың 10 айының қорытындысымен 349 сәби өмірге келді, жалпы өлім көрсеткіші 8,3 пайызға төмендеген. Сондай-ақ әлеуметтік қорғауда 10 айда  2 698 адамға 168 млн. 916 мың теңге көлеміндегі әртүрлі әлеуметтік көмектер көрсетілді. 1 қарашадағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болды. Аудандағы жастардың саны 8 566 адам, олар аудан тұрғындарының 32,6 пайызын құрайды.

2025 жылдың 10 айының қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 6 985 млн. теңге, өткен жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 28,9 пайыз болып отыр.
Өткен 10 айдың қорытындысымен қарағанда ауданда 44 қылмыс тіркеліп, былтырғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 88 пайызды көрсетті. Тіркелген ауыр қылмыс саны - 23, ол өткен жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 127,7 пайызды құрады. Қылмыстың ашылуы - 56,8 пайыз. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші туралы айтқанда қысқаша осындай.    

 

    

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT