"Атырау-Астрахан" тасжолының құрылысы "Үкімет сағатында" қаралды

Қазақстанда көлік жолын жөндеуге жыл сайын қыруар қаржы қазынадан бөлініп отырса да, оның нақты ахуалы көңілден шықпай тұр. Тіпті, Азия мен Еуропаны жалғайтын көлік жолдарының да тек сорабына ғана көңіл бірлеп отырған жай бар. Соған байланысты, жуырда республика Парламентіндегі «Үкімет сағатын» Мәжіліс депутаттары арнайы елдегі автокөлік жолының жағдайы және оны дамыту тақырыбына арнады. Онда қалыптасқан жағдаймен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев таныстырды.


Талқылау барысында көтерілген бірнеше мәселенің бірі – көптен бері қалың бұқараның көкейіндегі «Атырау-Астрахан» автокөлік жолының салыну кезеңдері мен пайдалануға тапсырылуын министрлік тарапынан бақылауға қатысты. Бұған дейін ведомсто осы жолдағы көлік қозғалысына жыл соңына дейін рұқсат беруді жоспарлаған еді. Ол жөнінде біз де оқырманға қуанышпен хабарлағанымыз рас. Ал, министрдің айтуынша, әзірге бұл мүмкін емес тәрізді.
Қайырбек Өскенбаев бастаған министрлік өкілдері жолдағы құрылыс барысымен танысып, құрылысшылармен кездесіп жүргені анық. Оған ешкім де күмән келтірмейді. Алдағы қарашаның соңында тағы да құрылысшылармен кездесу жоспарланған. Әйтсе де, жазда берілген уәде тым ұшқарылау болған сыңайлы, бұл бағытқа сапарлаған жолаушы жыл соңына дейін тегіс жолда жүйтки алмайды екен. Тек келесі жылы ғана сәті түсетін түрі бар. Бұл – министр Қ.Өскенбаевтың «Үкімет сағатында» айтқаны.
Министрдің бұл уәжі Парламент Мәжілісінің депутаттарын қатты алаңдатты. Құрылыстың бәсең қарқыны мен межелі мерзімде жұмыстың аяқталмауына әріптестерінің орынды наразылығын депутат Дүйсенбай Тұрғанов жеткізді.
– Біз бұл мәселені тұрақты депутаттық бақылауда ұстап отырмыз. Өйткені, министрлік берген уәдесін орындамай отыр. Халық алдында сөз берілген соң, ол орындалуы тиіс, - дейді Дүйсенбай Нұрбайұлы.
«Үкімет сағатында» депутат Д.Тұрғанов көтерген тағы бір мәселе – жол сапасы және оның мерзімімен қатар тұратын сараптама жүргізу. Егер республикалық ауқымдағы жобалар толыққанды сараптамадан өтіп отырса, жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын жобалар облыс әкімдіктеріне байланысты.
– Қазір ауылдардағы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы салынып жатқан көлік жолдары мен аулаішілік телімдер сараптамадан өтпейді. Бюджетті игеру және қаржыны үнемдеу деген желеумен сапаны бағалау үшін жекеменшік зертханалар жұмылдырылады. Техникалық қадағалау тарапынан да тиісті бақылау жоқ. Себебі, азаматтық құрылыс нысандарында да, жол құрылысында да жүретіндіктен, техникалық қадағалаушының құзыреті жетпейді. Айналып келгенде, мемлекеттен бөлінген қаржы кей жағдайда рәсуа болып жататыны ащы да болса шындық, - деді депутат.
Ал, министр Қ.Өскенбаев бұл мәселенің өзекті екенін растап, оны шешу үшін қазір Парламенттің қарауында жатқан жаңа заң шығару нормаларын тезірек қабылдауды ұсынды. Жобаға сәйкес міндетті түрде сараптама өткізу арнайы құрылған институттың құзырына берілмек және әрбір берген қорытындысы үшін сарапшылардың да жауапкершілігін арттыру қарастырылыпты.
Сондай-ақ, заң жобасында жергілікті деңгейдегі жолға сараптама жүргізу облыс әкіміне міндеттелген. Әрине, оны мемлекеттік мекеме жүргізе ме, әлде жекеменшік зертхана ма, ол – әкімнің жауапкершілігінде. Тек мәселе – сапада.
– Жол құрылысына ғылыми тұрғыда ден қоюдың күшейтілгені көңілге үміт ұялатады. Өйткені, сол арқылы құрылыс материалдарын талдау, әр облыста жол салуды жоспарлағанда сол өңірдің климаттық ерекшеліктеріне көңіл бөлу тәрізді мәселелер көзделеді. Ал, іс жүзінде жобадағы осы ерекшеліктердің құрылысшылар тарапынан ескерілуін сараптама арқылы тексеру керек, - деді депутат Д.Тұрғанов.
Бұған жауап берген министр «әр жобаның 0,5 пайызы осы бағыттағы ғылымды дамытуға жұмсалатынына» сендірді.
Әрине, жаңаша өзгеріс келешектен зор үміт күттіреді. Дегенмен, сөз бен істің арасын уақыт пен нәтиже айқындап береді. Депутаттар министрге «уәде – құдай аты» екенін, оны орындамау мемлекеттік дәрежедегі лауазым иесіне абырой әпермейтінін де атап көрсетті. Автокөлік жолының құрылыс қарқыны мен оның сапасына депутаттар тарапынан ұдайы бақылау жасалатынын және қазынадан бөлінген қаржының әр тиыны мұқият сұралатынын да қаперге берді.

 

Назарбек ҚОСШИЕВ

сурет:ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT