Атырау Қазақстанның үздік 5 туристік қаласына кірді

2023 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстанда 3,5 млн адам ел ішінде саяхаттаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36% - ға артық. Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстандағы ең үздік туристік қалалардың бестігін атады.

5 ОРЫН. АҚТАУ Үздік бестікті қарт Каспийдің ақмаржаны – Ақтау қаласы ашады. Биыл қаңтар-сәуір аралығында Ақтауға 220 660 қонақ келген. Ал, жазғы маусымға қарай, туристер тарапынан Маңғыстау облысының орталығына қызығушылық 20%-ға дейін артып отыр.
4 ОРЫН. АТЫРАУ Атырау қаласы да туристер саны бойынша үздіктер қатарында. 2023 жылдың алғашқы төрт айында қалаға 305 460 қонақ келген. Мамыр айында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өңірде «Сарайшық» визит-орталығы ашылды. Мұнда туристерге Қазақ хандығы, Алтын Орда және ежелгі дәуірдегі қалашық тарихымен танысуға барлық жағдай жасалған. Демек, жазғы маусымда Атырауға келушілер саны артатын болады.

3 ОРЫН. ШЫМКЕНТ Қонақжайлығы бойынша ешкімге есе жібермейтін Шымкент туристер саны жағынан да көш басында. Қаңтар-сәуір аралығында шырайлы шаһарға 346 280 адам саяхаттап барған. Мұнда кез-келген турист көңілі қалаған демалысты таңдай алады. Киелі-тарихи орындарға саяхат, шипайжайдағы демалыс немесе қалада жиі ұйымдастырылатын спорттық, мәдени-бұқаралар іс-шараларға қатысуға болады.

2 ОРЫН. АСТАНА Астана – әкімшілік-іскерлік орталық қана емес, туристер жиі таңдайтын басым бағыттардың бірі. 2023 жылдың алғашқы төрт айында ғана Астана 951 750 мейманды қабылдаған. Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елорда іргесінде еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы музей құрылысы жүріп жатыр. Бозоқ – бас қаланың туристік бойтұмары ретінде қонақтар міндетті түрде тамашалауға баратын орынға айналады.

1 ОРЫН. АЛМАТЫ Тау-шаңғы курорттары, сұлу табиғат, қолайлы климат пен қонақжайлылық. Осы және басқа да артықшылықтары бар Алматы еліміздегі бірегей туристік қала. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында оңтүстік мегаполиске 1 185 130 адам саяхаттап келген. Алматыға әсіресе шетелдік туристер жиі тоқтайды. Мәдениет және спорт министрлігі өңірдің туристік әлеуетін толық іске асыру мақсатында шетелдік туроператорлармен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігі ішкі туризмді ынталандыруға арналған бірнеше бағдарлама әзірлеп, іске қосты. Мысалы, Kids go Free бағдарламасы бойынша қазақстандықтар ел ішіндегі отбасылық демалысты тиімді жоспарлап, туроператорлардан туристік пакет сатып алғанда 30%-ға дейін қаражат үнемдей алады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT