Алкоголь өнімін сатқан нысандар да анықталуда.
Төтенше жағдай талаптарын бұзған барлық фактіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде полиция қызметкерлері мен әскерилерге қарсы бұзақы топтар күш қолданып, қорғаныс құралдарын тартып алған деректері тіркелді.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктілер ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Төтенше жағдай кезінде жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде қазіргі таңда блок-бекеттерден 10-нан астам аңшы пышақтары, Атырау қаласы аумағында 5 азаматтан 896 таблетка түріндегі, 236 ампула, 150 түтікке салынған жоғары әсері бар психотроптық дәрілер мен 2 тапанша тәркіленді. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан барлығы 497 тұлға анықталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Сондай-ақ, аймақта антитеррорлық операция жалғасуда.
- Төтенше жағдайда атқарылатын қызметтің басты мақсаты - тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан, осы бағытта қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшылары мен өзге де жауапты мамандардың жұмысына түсіністікпен қарауға, терроризмге қарсы операциялар кезіндегі шектеулерге сабырлық танытып, сақтық шараларын сақтауға шақырамын. Арандатушылыққа жол бермей, күдікті фактілерді байқасаңыз міндетті түрде полицияға хабар беруді сұраймын. Сондай-ақ, жалған ақпараттар таратпауға шақырамын. Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, мұндай әрекеттер үшін 3 жылдан 7 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Арнайы штаб өз жұмысын жалғастыруда. Тұрғындар 109 операторынан бөлек 98-10-04 нөміріне де хабарласып, Төтенше жағдайға қатысты сұрақтарын қоя алады - деді, Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.