Бұл туралы бүгін, 20 ақпанда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев халыққа есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
2019 жылы Махамбет ауданында Махамбет селосын, Самал, Жасыл белдеу, Наркескен, Сарытоғай ықшам аудандарын, Исатай ауданында Х.Ерғалиев, Жанбай, Тұщықұдық, Зинеден ауылдарын электрлендіру басталады. Кернеуі 110 кВ, ұзындығы 205 км «Курмангазы-Асан» әуе желісін жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
- «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ балансындағы электрмен жабдықтау желісінің тозуына байланысты Атырау облыстық әкімдігі 12 елдімекенді электрлендіру үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындады. Құжаттар кешенді сараптаудан өткізуге дайындалып жатыр,-деп атап өтті облыс әкімі.
2018-2019 жылы жылыту маусымында баламалы энергия көздерін дамыту мақсатында 8,4 млрд теңге бөлінді. Аймақ басшысы атап өткендей, бір апатты жағдай болып, 19 қаңтарда көп пәтерлі үйлер жарты күн жылусыз қалды. Жедел штаб құрылып, аймақ басшысы апат салдарын жою барысын бақылауға алды. Нәтижесінде сол күні жағдай реттеліп, үйлерге жылу берілді.