Атырау облысында жартыжылдық аудит нәтижесі жарияланды

сурет ашық дереккөзден

 

Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығына жүргізілген тексерістердің қорытындысын жариялады.

ҚР «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңына сәйкес жүргізілген жұмыстардың басты мақсаты – бюджет қаражаты мен мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор активтерін тиімді әрі мақсатты пайдалануын қамтамасыз ету.

Жарты жыл ішінде жүргізілген аудиторлық іс-шаралар барысында жалпы көлемі 1 млрд 741,8 млн теңгенің бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде рәсімдік сипаттағы заңбұзушылықтар – 879,4 млн теңгені, ал қаржылық сипаттағы бұзушылықтар – 862,4 млн теңгені құрады.

Мемлекеттік сатып алуларға жүргізілген камералдық бақылау да ауқымды нәтиже көрсетті. Барлығы 8186 рәсім қамтылып, оның ішінде 1210 мемлекеттік сатып алулар бойынша жалпы сомасы 20 млрд 364,2 млн теңгенің бұзушылықтары анықталды. Нәтижесінде 1170 хабарлама жолданып, толықтай орындалды.

Сонымен қатар, департамент 176 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы 13,8 млн теңгенің әкімшілік айыппұлын салып, оның 11 млн теңгесі бюджетке өндірілді.

Аталған кезеңде департаментке 493 азаматтық өтініш түсіп, барлығына уақтылы жауап берілді. Бұған қоса, ішкі аудит қызметтерінің жұмысын үйлестіру бағытында әдіснамалық және консультациялық қолдау көрсетіліп, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау есептеріне талдау жасалды.

Сондай-ақ, облыс әкімі аппаратының ішкі аудит қызметі жүргізген төрт аудит қорытындысы қаралып, екі материалға сапа бақылауының нәтижесінде мемлекеттік стандарттарға сәйкестігі жөнінде ескертулер берілді.

Мемлекеттік аудит нәтижелері – қаржының ашықтығын арттырып қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейтетін маңызды құрал.

 


Мәулен МҮТИЕВ,
Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT