Атырау облысының бас имамы Жанбай ауылдық емханасына сыйлық жасады

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысқанұлы іссапармен Жанбай ауылына келді.

Ауылды аралаған облыс имамы алдымен ауылдық емханаға бас сұғып, өзімен ала келген оттегі консентаторы аппаратын сыйға тартты. - Мешіттің негізгі жұмыс дін болғанымен, тек қана дінмен тоқтап қалмай, қайырымдылық шарасымен де айналысып жатырмыз, - деген діндар қиын кезеңде жан аямай тер төгіп жатқан ақ халаттыларға алғысын айтты. Ауылдық емхана басшысы да ұжым атынан рақметін айтып, іштегі жұмыстарымен таныстырды.

Одан кейін құрылыс аяқталмаған Жанбай ауылдық мешіті ғимаратына барып мешіт, аула ішіндегі дәрет алар бөлме және имамға салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. Имамның айтуынша, Атырауға келгенде аймақта өзі барған 33 мешіттің жартысынан көбінде дәретхана жоқ екен. Өзі келгелі 9 мешітке дәретхана салдырғанын да айтты.

- Мешіт соққысы келетіндерге міндетті түрде мешіт дәретханасын және имам үйін бірге тұрғызасыңдар деп өзім талап қойған болатынмын. Сіздер осы талаптың бәрін орындаған екенсіздер, - деп ризашылығын да білдірді.

- Ақпарат және қоғамдық даму министрінің сөзінше, Атырау облысы бойынша 25 мешіт салуға рұқсат берілген екен. Соның ішінде Исатай ауданынан жаңа 3 мешіт құрылысы бар. Олар Тұщықұдық, Зинеден, Жанбай ауылдары, - дейді имам.

Ауыл әкімі Дидар Есмұхановтың айтуынша, мешіт құрылысы аяқтала келген. Дәретхана жұмысы да жақында бітпек. Болашақ бас имамға арналған тұрғын үй құрылысының сырты толықтай аяқталыпты, тек ішкі жұмыстары қалған. Оған ауылдағы жеке кәсіпкер қаржылай демеушілік жасап жатқан көрінеді.

- Мешіт құрылысын желтоқсанның орта шамасында толықтай аяқтап, ғибадатхананы діни басқармаға сыйға тартамыз деп жоспарлап отырмыз, - дейді ауыл әкімі.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT