Бүгін Атырау облысының жаңа әкімі Махамбет Досмұхамедов арнайы іссапармен Исатай ауданына келді.
Сапарын Томан ауылынан бастаған аймақ басшысы ондағы бастауыш мектепте болып, қызметімен танысты. Одан соң Х.Ерғалиев ауылына ат басын бұрып, дәрігерлік амбулатория мен Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектепті аралады.
Артынша Тұщықұдық ауылына бет алған Махамбет Досмұхамедов Ж.Мырзағалиев атындағы орта, Жамбыл атындағы бастауыш мектебінің тыныс-тіршілігімен таныс болды.
Облыс әкімі аудан орталығындағы жұмыс қарқынын да білмек болып, құрылысы аяқталмаған 320 орындық кәсіптік лицейдің және оның 100 орындық жатақханасының, сондай-ақ, жұмысы жақында басталған Өркен ауылындағы 60 пәтерлік 3 үйдің құрылысымен танысты. Облыс басшысы мамыр айында пайдалануға берілуі тиіс кәсіптік лицей ғимаратын уақытылы бітіруді, сонымен қатар, мердігер компанияларға отандық құрылыс материалдарын пайдалануды тапсырды.
Аққыстау орта мектебінде де болған басшы кәріз су жүйесінің жөндеу жұмыстарына да назар аударды.
Жанбай ауылындағы 2016 шекара әскери бөліміне қарасты жаңадан салынып жатқан шекара заставасының құрылысын да өз көзімен көрген жаңа әкім бұдан соң Нарын ауылына бет алып, ондағы Нарын балабақшасы мен 70 орындық мәдениет үйінің қазіргі жағдайын көрді. Бұл мекемелерге жаңа ғимарат керек екендігі көптен айтылып келеді. Алайда, облыс әкімі жаңа мәдениет үйіне уәде бермеді. Келісіп пішкен тонның келте болмайтындығын ескерген жаңа басшы бұл мәселені алдымен зерттеп, зерделейтіндігін айтты.
Өз тілшіміз