31 мамыр Атырау облысының делегациясы “ЗАПСИБНЕФТЕХИМ” мұнай-газ-химия компаниясының экология, әлеумет пен қаланы дамыту бағытында атқарып жатқан жобаларымен танысып, тәжірбие алмасу мақсатында Тобольск қаласына келді.
Бұл мұнай-газ-химия бағытындағы әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Сапарды ұйымдастыруға “KPI Inc.” ЖШС мұрындық болды.
Делегация құрамында Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов, Атырау облысы экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмухаметов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Ажигалиева, облыстық маслихат депутаты Арман Хайруллин, “Аманат” париясының облыс филиалының төрағасы Абдолла Идресов, облыстық мәслихат депутаты Нұрлыбек Даралиев, “Ақ жол” филиалының төрағасы Юсупов Ермекқали бар.
Екі күндік сапардың бірінші күні делегация “Запсибнефтехим” мұнай-газ-химия саласындағы өндіріс кешеніне ат басын бұрды. Ұжым басшысы Максим Рогов компанияның ел экономикасының дамуына қосып жатқан үлесін, сондай-ақ, әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтты.
-Бүгін сіздерді компаниямызда көргенімізге қуаныштымыз. Атырау қаласындағы “КРІ Inc.” кешенімен бірлесіп жұмыс жасап жатқандықтан, сіздермен қашанда тәжірбие алмасуға дайынбыз. Тобольк қаласы Ресей Федерациясындағы өмір сүруге қолайлы шағын 5 қаланың қатарына кіреді. Қаламыздың үздіктер тізіміне енуіне компаниямыздың қосып жатқан үлесі мол. Біз жергілікті билікпен бірлесіп, экологияны, қаланың инфраструктурасын дамытуда үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз.
Кешеніміз жұмысын бастаған уақытта әлеуметтік желіде жергілікті тұрғындар тарапынан “зауыт бізді улап жатыр” деген секілді жағымсыз пікірлер көп болды. Бірнеше жылғы тынымсыз түсіндірме жұмыстары нәтижесінде тұрғындар зауыттың замануи үлгіде салынғанына, оның экологияға зиянсыз екеніне көзін жеткізді, -деді “Запсибнефтехим” компаниясының басшысы Максим Рогов.
Таныстырлым жұмыстарынан соң делегация полипропилен, полиэтилен, пиролиза қондырғыларын және оператор залын аралады. Түстен соң Тобольк қаласының әкімшілігімен кездесіп, “Запсибнефтехим” компаниясымен бірлескен ортақ жұмыстардың пайдасын талқылады. Сондай-ақ, газ-химия кешенінің қолдауымен салынған білім, спорт және мәдениет кешендерін аралады.
-Тобольск — мұнай-газ-химия саласы өте жақсы дамыған, шағын әрі әдемі қала. Бүгінгі сапарда біз қаланың, өндіріс орындарының басшылығымен кездесіп, экологиялық, әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысты тәжірбие алмастық. Оны
алдағы уақытта өндіріс пен
қаланы өркендету жолында пайдаға асырамыз деген сенімдемін,-дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Атырау қаласынан ынтымақтастықты дамытып, тәжірбие алмасу мақсатында келген делегация 1 маусымда Тобольск қаласының мәдени ошақтарымен танысады.