Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Тұщықұдық ауылдық округіне жұмыс сапарымен келді

Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлы Шәпкенов Тұщықұдық ауылдық округіне жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен кездесті.Серік Жамбылұлының ағымдағы  жылдың бірінші тоқсанынан кейінгі Тұщықұдық ауыл тұрғындарымен жүздесуіне облыстық мекеме мен аудандық мекеме басшылары, аудан әкімдігінің дербес бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

                                           КАНАЛ ЖҰМЫСТАРЫ УАҚЫТЫНДА АЯҚТАЛУЫ ТИІС

 Аймақ басшысы алдымен Тұщықұдық ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандарды аралап, Бақсай каналында бүгіндері жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жайық өзенінен бастау алатын каналдың жалпы ұзындығы - 137 шақырым болады. Ал Махамбет ауданы, Жалғансай ауылының тұсынан басталатын канал Исатай ауданының 73,4 шақырымын қамтып жатыр. Канал Қамысқала, Тұщықұдық және Аққыстау ауылдық округтерінің территорясынан ағып өтеді. Облыс басшысы «Қазсушар» РМК және мердігер мекеме өкіліне жобаға енбей қалған жұмыстарды жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізуді тапсырды. Ал қалған жұмыстарды уақытылы аяқтау үшін барлық техниканы жұмылдыруды жүктеді.

Сонымен қатар «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Тұщықұдық ауылындағы  дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. Кешен осы жылдың ақпан айында пайдалануға берілген. Алайда ғимарат кішкентай болғандықтан, ауыл балаларын толық қамту мүмкін болмай отыр. Облыс әкімі құрылыс басқармасының басшысына қосымша спорт кешенін салу үшін тиісті жұмыстарды бастауды тапсырды.

                                                      БИЫЛ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛМЕК

Бұдан соң облыс әкімі  Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебіне 350 орындық жапсаржай салу құрылысымен танысты. Мердігер мекеме - «Тоныкөк Құрылыс» ЖШС. Ғимарат «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» бағдарламасы аясында салынуда. Бүгіндері құрылыс жұмыстарының 98% пайызға жуығы аяқталған. Бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, алдағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Тұщықұдық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, жергілікті тұрғындардың көкейкесті мәселелері бойынша  толғандырған сұрақтарымен жеке қабылдады. Өңір басшысы Тұщықұдық ауылдық округінде атқарылып жатқан істер туралы баяндама жасап, кейін тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады.

                                                     КӨШЕ ЖАРЫҒЫ - БАСТЫ НАЗАРДА

- Тұщықұдық ауылдық округінде өте маңызды мәселелердің бірі - электр желілері. Биыл Қызыл үй елдімекенінде 13 шақырым электр желісі жүргізіледі. Тұщықұдық ауылы халық саны бойынша аудан орталығынан кейінгі екінші орында тұрған округ болған соң, ауыл ішіне көше жарығын жүргізу мәселесі өте өзекті. Бұл жерде аудан әкімі өз ойын айтты. Яғни, жол құрылысын жүргізіп жатқан мекеме тасжолдың бойына жарық орнатады. Ал аудан әкімдігі ауылішілік негізгі көшелерге, әлеуметтік нысандар орналасқан көшелерге жарық тартуды жоспарлап отыр. Бүгінде бұл жұмыстар үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, қаржы сұратылуда. Біз бұл жоспарды қолдаймыз.  Сондықтан көше жарығын орнату жұмыстарына кірісіңіздер,-деді С.Шәпкенов.

                                                     ЖАЗҒЫ СУ ЖЕЛІСІ ҚАШАН ЖҮРГІЗІЛЕДІ?

- Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп республикалық маңызы бар жол бойында орналасқан. Бұл балалар өмірі үшін өте қауіпті. Трассаның жөндеу жұмыстары толықтай аяқталған соң, жол белгілерін қоюға, ауылымызыдң барлық көшелеріне түнгі көше жарығын орнатуға ықпал етуіңізді сұраймын. Бақсай каналының ауыл ішінен өтетін тұсында қазу жұмыстары қолға алынса, ауылішілік жаяу жүргіншілер жолы пайдалануға берілгенімен, жолдың сапасы талапқа сай келмей тұр. Осыған бақылау жұмыстары жүргізілсе. Жаз мезгілінде ауыл іші шаңнан көрінбейді десекте болады. Ағаш егіп, бау-бақша өсіру үшін жазғы су желісі қажет. Жазғы су желісі құрылысы тезірек басталса деген тілегіміз бар,-деді Тұщықұдық ауыл тұрғыны Бейімбет Мажиков.

Кездесуде тұрғындар Қызыл үй мен Жасқайрат елді мекеніне газ құбырын тарту, ауылішілік автокөлік жолын, демалыс орнын, ойын алаңын және балабақша салу, денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамту, тазалық, жол қауіпсіздігі, каналдарды жөндеу сынды тағы басқа көптеген мәселелерді көтерді.

 

                                                           МЕКТЕП ТҰСЫНА «СЕРГЕК» ҚОЙЫЛСА...

                - Ауылымызда көптеген жұмыстар атқарылуда. Алайда, жасалып жатқан ауылішілік жол құрылысының жұмысына еш қанағаттанбаймыз. Былтыр жылдың аяғына дейін аяқтаймыз деп уәде берілгенмен, ол орындалмады. Биыл да сәуір айы болды, әлі күнге құрылысы жұмысы басталмады. Осы мердігер мекеменің заңға сай шарасын алуды сұраймын. Дәрігерлік амбулаторияда емделуші тұрғындарды бахиламен қамтыса, әлеуметтік маңызы бар тамақтардың бағасына бақылау жүргізу жұмысы күшейтілсе. Жол құрылысы аяқталған соң, мектептің тұсына «Сергек» қамерасын орнату қажет немесе бағдаршам қойылса. Билік өкілдерімен ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік желі арқылы «Телеграмм- Бот» желісі қайта қолға алынса,- деді ауыл тұрғыны Қобыланды  Ризуанов.

                                                          АУЫЛДА ҒАЛАМТОР ЖЕЛІСІ НЕГЕ НАШАР?

Сонымен қатар ауыл тұрғындары денсаулық сақтау саласындағы көптеген мәселелер әлі де өз шешімін таппағанын жеткізді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ауылдағы ғаламтор желісінің нашар болуы дәрігерлердің жұмысына бөгет жасап тұр екен.

- Дәрігерлік амбулаторияға емделушілер саны көп болғанымен, ішіндегі дәрігер мамандар саны аз. Заңдылыққа сай амбулаторияның штат мәселесін қарауды және Тұщықұдық дәрігерлік амбулаториясына жаңа қызметтік көлік бөлуді сұраймын. Дәрігерлердің қызмет көрсету сапасын арттыру үшін интернет жылдамдығын арттыруды қолға алса,-деді ауыл тұрғыны Зауреш  Нигметуллина. Разведка ауылының тұрғыны Күнай Сиғуатова да ауылдасының сөзін құптай отырып

                                                                     «РАЗВЕДКАҒА» БАЛАБАҚША КЕРЕК                                        

- Жылдан жылға Разведка ауылында тұрғындар саны жылдан-жыл5а –с3п келеді. Сондықтан Разведка ауылына заманауи жабдықталған мектеп және көше жарығы орнатылса және мектепте оқитын оқушылардың және ауыл тұрғындарының өмір қауіпсіздігі үшін Тұщықұдық ауылы мен Разведка ауылы арасындағы теміржол өткелінің тұсындағы автомобиль жолының қатарына жаяу жүргіншілер жолын салуды сұраймын. Ауылымызда балабақша кезегінде тұрғын бала саны көп болуына байланысты Тұщықұдық ауылынан үлкен көлемді жаңа балабақша салынса дейміз. Ауылымызда денешынықтыру спорт кешені ашылғанымен, онда тұрғындардың жаттығу жасап, спортпен айналысуы үшін кесте жасақталып, арнайы күн белгіленбеген. Әзірге спорт мектебінің оқушылары ғана барып, жаттығып жүр. Ауыл тұрғындары үшінде арнайы бір күн бекітілуін сұраймыз. Денсаулық саласында арнайы есепте тұрған адамдарға тегін дәрі - дәрмек уақытылы берілмейді. Қан талдауын тапсыру үшін үлкені де кішісі де аудан орталығындағы емханаға баруға мәжбүрміз. Тұщықұдық ауылы ауданнан кейінгі халқы көп шоғырланған ауыл болғандықтан анализ алатын арнайы бір маманның бөлінуін сұраймын,-деді ол.

Денсаулық саласында қордаланған мәселелердің көп болуынан облыс әкімінің ұйғаруымен Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев та жиыннан соң, тұрғындармен  жеке қабылдау өткізді.

                                                          ҚОЙЫЛҒАН САУАЛДАР ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШІЛЕДІ

Серік Шәпкенов тұрғындармен өткен мұндай ашық кездесулердің нәтижесі елді мекендерді дамытуға, инфрақұрылым мәселесін шешуге оң әсерін тигізетінін тілге тиек етіп, сондай-ақ балалардың игілігі үшін нысандарды көптеп салу мәселесін бірінші орынға қою қажеттігін, оған қаражат бірінші кезекте берілетінін айтты. Тұрғындарға ауылда жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын мердігерлер сапалы жүргізуі үшін қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар жиында көтерілген сұрақтар заң шеңберінде кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

 

 

                                                                                                                                     Жайна МӘЛІМҚОЖА

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521