Атырауда аналар форумы өтті

Атырауда «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында Аналар кеңесі өтті.

Ақ жаулықты аналардың қоғам мен отбасындағы рөлін айқындап, мәртебесін көтеруге бағытталған іс-шараға Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесі мұрындық болды. 

Форумға республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай, кеңес мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Камал Әлпейісова сынды меймандар және қала, аудандардан барлығы 70-ке тарта аяулы да ардақты аналар қауымы қатысты. 

Басқосуда алдымен Назипа Ыдырысқызы «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасының мән-мағынасына тоқталып өтті. Қыз баланың тәрбиесіне аса мән беру керектігін айтты. Өне бойы даналыққа тұнған, ақылы дариядай ата-әжелеріміз арқылы ұлттық тәрбиені насихаттап, қазақтың бойына біткен асыл қасиеттерді жас ұрпақтың бойына дарытуды алға тартты. 

Сондай-ақ форумда спикерлер тарапынан ұрпақ тәрбиесі, «Әже. Ана. Келін» үштік одағы сабақтастығы, қазақтың рухани және отбасындағы тәрбие құндылықтары, ата-ана мен мұғалімнің қарым-қатынасы, бұрынғы және қазіргі замандағы мұғалім ананың келбеті, «Ата-ана. Оқушы. Мұғалім» үштігінің ынтымақтастықта жұмыс жасауы, мектеп жасындағы оқушылар мен жастар арасында суицидтің көбею себептері, отбасындағы жағдаяттар мен психологиялық жағдайларды реттеуге бағытталған кеңестер, ана мен баланың денсаулығы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас хақында өнегелі сөздер, орамды ойлар және толымды пікірлер айтылды.  

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT