ҚР Судьялар одағының Х спартакиадасының Батыс аймақтық спорт ойындары облыста осымен үшінші рет өткізіліп отыр. «Жайық» спорт кешенінде өткен спорт сайысының ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
- Осы спартакиадаға арнайы келген қонақтарымызға шын жүректен алғысымды білдіремін. Әрине, судьялар қызметі өте маңызды. Өйткені Әділетті Қазақстанды тек қана қара қылды қақ жарып құра аламыз. Осы тұста алғы шепте тұратын өздеріңіз. Күнделікті қызметтеріңізге қарамастан, салауатты өмір салтын насихаттап, аталған спартакиадаға жылма-жыл қатысып жүрсіздер. Сайыс болған соң, араларыңыздан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпары шығады. Кейін олар республикалық кезеңде сайысып, батыс аймағының намысын қорғайды. Қасиетті Атырау өлкесіне қош келдіңіздер! Баршаңызға сәттілік тілеймін,- деді С.Шәпкенов.
Аталған спорт бәсекесінде Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарынан 200-ге жуық спортшы бақ сынауда.
Олар кіші футбол, волейбол, арқан тарту, бильярд, үлкен теннис, үстел теннисі, шахмат және дойбы ойындарынан сайысады.
ҚР Судьялар одағының Х спартакиадасының Батыс аймақтық сайысы екі күнге жалғасады.