Атырауда «Еңбек жолы» байқауына құжат қабылдау жалғасып жатыр

Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Еліміздің әр өңіріндегі еңбеккерлер арасынан үздіктерді айқындауға бағытталған дәстүрлі конкурсқа мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, кәсіпорындардың барлық қызметкерлері қатыса алады.

- Конкурс үш номинация бойынша өтеді. Ең ұзақ еңбек өтілі, көп марапаттары бар әулет үшін «Үздік еңбек әулеті» номинациясы, кемінде 20 жыл жұмыс өтілі бар тәлімгер үшін «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы, жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын белсенді және еңбекқор өндіріс жұмыскері үшін «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бар,- деді А.Мәмбетов.

 

Оның айтуынша, осы аталған үш номинация бойынша өңіраралық іріктеуден өткендердің құжаты республикаға жіберіледі. Ал, республикалық кезеңнің жеңімпаздарына 1-орын үшін 1 миллион, 2-орын үшін 500 мың, 3-орын үшін 200 мың теңге сыйақы беріледі.

 

Басқарма басшысы барлық ниет білдірген тұрғындарды және барлық меншік нысанындағы ұйымдардың еңбек ұжымдарын аталған конкурсқа қатысуға шақыратынын жеткізді. Сондай-ақ, толық мәлімет пен кеңес алу үшін Атырау қаласы, Азаттық даңғылы 31А мекенжайындағы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына немесе 8(7122)322774 телефонына хабарласуға болатынын айтты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT