Атырауда киелі жерлер көп, бірақ, зерттелуі нашар...

Өткен жылы мүйізі қарағайдай ғалымдар мен өлкетанушылардан құралған «Қазақстанның киелі жерлері» жобасының экспедициясы ел аймақтарынан құнды мәліметтер мен бағалы деректер жинауды бастап кеткен болатын.

 Осы орайда Атырауға арнайы келген «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалимен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Атырау – республикадағы тарихы терең өңірлердің бірі. Әйтсе де, ел бойынша киелі жерлер тізіміне санаулы нысан ғана еніп отыр. Бұл аздық етпей ме?

– Әрине, аз. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, археолог Зейнолла Самашовпен бірге Атырау-дың айшықты жерлерін аралап шықтық. Жергілікті тұрғындардың ой-пікірлері мен ұсыныс-тілектеріне қанықтық, жергілікті ғалымдармен сөйлестік. Сөйтсек, оннан астам жер атауы ұсынылған екен. Бұл ретте халықтың көп баратын, ел есінде сақталған жерлерді ғана ұсынған жөн. Қандайма болмасын нысанның шын мәнінде «киелі» екендігін сол жердегі тұрғындардың өздері анықтайды. Бұл министрліктің бұйрығы мен шешіміне байланысты емес. Ең бастысы, ол жер неліктен киелі саналады, соны білу қажет. Міне, осы мақсатта арнайы экспедициялық топ құрылып, іске кірісіп те кетті. Бес жылға жоспарланған жобаның негізгі операторы болып еліміздің Ұлттық музейі бекітіліп, соның құрылымында «Қасиетті Қазақстан» орталығы ашылды. Мұнда белгілі ғалымдар, тәжірибелі мамандар, археологтар, тарихшы-этнографтар мен өлкетанушылардан сарапшылық топ құрылды.

– «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» бағдарламасы аясында нақты қандай жұмыстар атқарылуы тиіс?

– Бағдарламаға сәйкес, кітаптар, альбомдар дайындалып, фильмдер түсірілмек. Қазір барлық өңірлердегі киелі жерлердің энциклопедиясы жазылып жатыр. Осы тізімге енген нысандарда туристік бағыттарды дамыту жұмыстары қолға алынады. Бір ескере кететін жайт, бұл ғылыми немесе діни жоба емес, ерікті түрде іске асырылады. Ол, негізінен, кешегі күндерден ойып орын алған тарихи тұлғалар мен тағылымдық маңызы үлкен жер-су атауларын бір ізге түсіруге арналған. Өшкенімізді жағып, өткенімізді тануда, жоғымызды түгендеп, барымызды бағалауда осындай игі жобалардың тигізер пайдасы зор болмақ. Тізімге, тіпті, сонау тас дәуірінен қалған нысандар да енуі ғажап емес. Оларды іріктеудің өз тәртібі бар. Бағдарлама бір тізіммен ғана бекітіліп кетеді деген сөз емес, ол әлі талай талқылаудан өтеді. Әр нысанның төлқұжаты жасақталады, заңға да өзгерістер енгізілуі мүмкін. Жоғарыда айтып өткенімдей, ол бес жылға жоспарланған. Бағдарлама шеңберінде әр ауданның туристік картасын да жасақтап шығаруға болады. Осындай мүмкіндіктерді мүлт жібермеу керек. – Яғни, небір киелі жерлерді республикалық тізімге енгізу үшін қатаң талаптар қойылады дегіңіз келеді ғой? – Табиғи ландшафт, археологиялық және архитектуралық ескерт-кіштер, жергілікті халық ерекше ардақ тұтатын діни нысандар, тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға байланысты орындардың бәрі де киелі. Бүгінде Қазақстанның солтүстік, шығыс, батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығысында алты бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары және дала экспедициялары жұмыс жасады.

– Атыраудан ұсынылған нысандарға көңіліңіз тола ма?

– Енді, Атырау дегенде, ең алдымен еске Сарайшық түседі ғой. Ол тізімнің басында тұрауы тиіс. Болашақта оны республика балансына өткізу жоспарда бар. Былтыр онда Жайық жағалауын бекіту жұмыстары қолға алынды. Сонау 1989-2008 жылдары тоқтап қалған тарихи қабаттарды аршу жұмыстарын алматылық мамандар қайта жандандырды. Көп ұзамай аспан асты музейі де ашылып қалар деген ойдамыз. Енді осында өңірге келген қонақтарды қабылдайтын орталық салу көзделіп отыр. Бұл өте жақсы бастама. Осындай орталықтар Көкшетауда Ботай, Алматыда Тамға деген жерде болады. Одан кейін, Махамбет Өтемісұлы, Ұшқан ата, Ақмешіт тарихи-мәдени нысандарын да республикалық комиссия мүшелері ойланбастан тізімге енгізді. Олардың саны шектелмейді. Қаншасы шын мәнінде киелі деп танылып, тиісті деректермен дәлелденсе, соншасы алынады.

– Ал, жергілікті жерде танымал болғанымен, республикалық тұрғыда аса маңызды емес ұсақ нысандар картаға түсе ме?

– Киелі жерлер картасына ірілі-ұсақты барлық нысандар кірістіріледі. Бұл жерде тізім өз ішінен екі топқа бөлінетінін ескерген жөн. Біріншісі – жалпыұлттық, екіншісі – жергілікті маңызға ие жерлер. Тағы бір мәселе, ел арасында аталған бағдарлама тек археологиялық ескерткіштерді ғана қамтиды, алдағы жұмыстар соларды қорғауға бағытталады деген теріс пікір қалыптас-қан. Әсте олай емес. Тізімге рухани құндылығы жоғары барлық нысан енгізіледі. Басты мақсат – атадан балаға мирас болып келе жатқан мол мұрамызды жас буынға, келешек ұрпаққа насихаттау. Екінші мақсат – еліміздің әр өңірінде сақталған мәңгілік құндылықтарды ортаға салу, барлық ауыл-аймақ тұрғындарына таныстыру. Ойдағы жұрт қырдағы елдің салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын, қасиетті жерлерін білуі керек қой. Міне, бағдарлама сол үшін жасал-ған. Сондай-ақ, «киелі жер» дегенге діни көзқарас қалыптаспауы керек. Яғни, бұған азаматтық тұрғыдан қараған дұрыс болады.

– Бүгінде Атырауда ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстар мардымсыз, киелі жерлер зерделі зерттеуді қажет етеді деген пікірге келісесіз бе?

– Иә, бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі десе де болады. Ол тек Атырауға ғана тән емес, еліміздің қай аймағында да осындай жағдай қалыптасқан. Соңғы кезде тек тарихи тұлғаларға тағзым етумен ғана шектеліп қалдық. Санамыздан «Тәрбиелік туризм» деген ұғымды жоғалтып алдық, соны қайта жандандырған жөн. Атамекеніміздің әр тасы мен тауының, әр бұлағының айтары бар. Олар жөнінде ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып келе жатқан аңыз қаншама?! Соларды көнекөздердің аузынан жазып алып, хатқа түсірген дұрыс. Демек, алыс ауыл-аймақтарды аралаған абзал. Қазір тарихшылар мен өлкетанушылардың, археологтар мен басқа да сала мамандарының алдында үлкен міндеттер тұр. «Қалмаққыр-ған» деген жер бар, сонда белгі қойып, ескерткіш орантуға болады. Аты бар да заты жоқ Аралтөбенің орны қазір теп-тегіс, соны қалпына келтіру керек.

– Кейбір тарихи нысанның бір өзінде бірнеше компонент кездеседі. Оларды бір кешен етіп алуға болмай ма?

– Айтуыңыз өте орынды. Мәселен, Ұшқан атаны алатын болсақ, онда кезінде тұзсызданып, кейін 90-жылдары қайта тұзданған ежелгі құдық бар. Оның жанында Алтын Орда дәуіріндегі аты белгісіз қала орналас-қан. Көлемі Ақтөбе-Лаетиден үш-төрт есе үлкен. Сондай-ақ, қорымның үшінші бөлігінде небір құнды деректерді ақтарар құлпытастар бар. Олар Маңғыстаудағыдан кем емес. Мұндай жерлер тізімге тұтас кешен болып енгізіледі. Осындай тағы бір нысан – Иманқара-Қойғара үңгірлері. Онда кезінде неміс десантшылары жасырын-ған деген әңгіме бар. Бұларды бір тарихи-мәдени кешен етіп алған тиімді. Ол жерге перзент сұрап немесе еміне дауа іздеп баратындар көп екен. Мұнда сармат дәуірінің ескерткіштерін де кездестіруге болады.

– Аруақты адамдардың зираттарына қатысты қандай пікір ұстанасыз?

– «Атырау-Астрахан» жолында келе жатып Зинеден ата, ал, Атырау-Құлсары бағытында Оңай ата мазарларына соқтым. Олардың жанынан бірде-бір жолаушының тоқтамай өтпейтініне таңқалдым. Міне, осындай киелі мекендер тізімнен тыс қалса, ертең тұрғындардың ренішін тудырары хақ. Әсіресе, аруақты адамдарға қатысты мәселеге сақтықпен қараған жөн. Мәселен, еліміз тәуелсіздік алған жылы дүние салған Зинеден атаның зиратына әр күні жарты мыңға жуық адам зиярат етіп өтеді екен. Бұған, бір жағынан, оның жол бойында орналасуы себеп болуы да мүмкін. Мәтенқожа әулие, Сары ата, Байбақты ата және басқа да көптеген қасиетімен халық жадында жатталған ерекше тұлғалар бар, соларды да ұмыт қалдырмаған дұрыс. Сонау тоқсаныншы жылдары баспасөз бетінде, телевизияда көптеген аңыз әңгімелер жарық көрді, олардың бәрі мұрағат қорында сақтаулы, соны қайта жаңғыртуымыз қажет.

– Қай өңірден ұсыныстар көп түсті?

– Бүгінде ұсыныстардың көбісі Оңтүстік Қазақстан өңірлерінен түсіп отыр. Онда ұсақ нысандардың әрқайсысы қомақты етіп көрсетілсе, Атырауда, керісінше, ауқымы кең орындар бір кешенге сыйып кеткен. Осы жағын қайта қарау керек. Оңтүстік демекші, ол жақтағы қасиетті тұлғалардың ұрпақтары арасында бәсеке пайда болды. Сондықтан, белгілі бір шектеулер қойылды. Атырауда зар заман ақындарынан Мұрат Мөңкеұлының кесенесі ұсынылып отыр. Бекет атаның ата-анасы және басқа да қасиетті адамдар жерленген Ақмешіт те республикалық тізімге лайық.

– Атырау – ел экономикасының негізін құрап отырған қазыналы өңір. Ендеше, алғашқы «қара алтын» бұрқағы атқылаған Қарашүңгіл секілді тарихи орындарды да картаға неге енгізбеске?

– Сөзіңізге қосыламын. Тарихи маңызы зор нысандар шет қалмауы тиіс. Сол сияқты, Атырау қаласындағы Авангард мөлтекауданында орналасқан аурухана орнында бұрын саяси тәртіпке бағынбаған адамдарды оқшаулауға арналған концлагерьлер болған деседі. Ал, Индерде Мұзқұдық деген жер бар екен. Неге солай аталғанын білесіз бе? Асты терең, күн көзі түспейтін-діктен, онда қысы-жазы мұз жиналатын көрінеді. Оны тұрғындар өз қажеттіліктеріне пайдаланып келген. Мұндай жердің өзге өңірде баламасы жоқ. Тұздыкөл деген жердің де емдік немесе зиянды тұстары қандай, ол жағы зерттелмеген. Мұнда Менделеев кестесіндегі элементтердің көбі табылған, сонысымен де құнды. Мысалы, қазақтың ұлттық тағамы – бешбармақтың негізгі құрамы болып табылатын етті ертеде жергілікті тұрғындар Тұздыкөлдің суына тұздаған екен. Сондай-ақ, «Сырым батыр өткелі», «Халел ставкасы», жұрт аузында «Таскран» аталып кеткен шекаралық белгі, басқа да нысандар Атырауда жетерлік.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ, журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT