Бүгін М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында «Ұстаздық жол - ізгілік пен адалдық» атты салтанатты жиын өтті. Іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, педагогтерді төл мерекесімен құттықтады,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын» деген болатын. Жауапкершілігінің жүгі ауыр осынау қызметте шығармашылық табыс, шалқар шабыт, қажыр-қайрат тілеймін! Бүгінде өңірде білім деңгейінің көрсеткіші артып, оқушыларымыз түрлі дәрежедегі білім додасында алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл, әрине, сіздердің бала бойына білім шырағданын жағудағы өлшеусіз еңбегіңіздің жемісі. Жылдан жылға облысымызда ізденімпаз, креативті, білімді ұстаздарымыздың қатары көбейіп келеді. Бұл – зор мәртебе және мақтаныш. Көкірегінде сөнбейтін шырақ – ізгі білімі бар шәкірттеріңіз көп болып, абырой-даңқтарыңыз арта берсін!- деді С.Шәпкенов.
Мерекелік шарада Серік Шәпкенов оқушыға сапалы білім мен тәрбие берудегі озық бағдарламасын іске асырып, үлгі бола білген 28 ұстазға «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін тақты. Ал Индер ауданының ардагер-ұстазы Гүлзура Ержановаға «Еңбек ардагері» медалі, бірнеше сала ардагеріне «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі табыс етілді.
Жиында өңірдің білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар ұстаз Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен, облыстық ардагерлер кеңесінің медалімен марапатталды.