Атырауда жаңадан қыздар мектебі салынуда

Әуелден мұсылмандықта қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінгендігі белгілі. Қазақ халқы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз баланың тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған.

Бұған ұлға қарағанда қыздың өзіне тән табиғи ерекшеліктері басты себеп болса керек. Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Атырау облысы бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен «Қыз тәрбиесі – аманат» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды. Әйел-аналар мен қыз-келіншектердің басын қосқан кездесуде қыз баланың тәрбиесіне қатысты көптің көкейінде жүрген мәселелер әңгімеге арқау болды. Әуезді Құран аяттарымен басталған семинарда облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы сөз алып, қыз бала тәрбиесіне қатысты тұшымды ойларымен бөлісіп, қоғамдағы сан мәрте қаузалған пікірлерге жеке-жеке тоқталды.  – Халқымыз «Адам перзентімен мың жасайды» деп ұрпағының жалғасқанын көңілге қуаныш еткен. Қасиетті Құран Кәрімде «Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігі мен иелігі Аллаға тән! Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз сыйлайды (береді), қалағанына ұл сыйлайды (береді). Яки қалағанына ұл мен қызды бірге береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу етеді. Шүбәсіз, Ол бәрін білуші, бәріне толық құдыретті» делінген. Яғни ұлды не қызды болу Жаратушының нәсіп еткен сыйы екенін аңғарамыз. Осы жерде мына бір дүниеге мән беріп өткім келеді. Ата-аналар дүниеге қыз бала келсе артынан ұлдың болғанын қалап жатады. Ал, ұл болмаса реніш білдіретіндері де бар. Әлбетте, бұл дұрыс емес. Кейбір ата-аналардың «осы ұлымның барынан жоғы, бұл бала емес бәле болды. Ұлдан көрмеген жақсылықты қыздан көріп отырмын» деп айтып жататындарын кезіктіреміз. Сондықтан қайсысын берсе де қайырын тілеп, берген нығметке шүкіршілік етіп, тәрбиесіне көп көңіл бөлу қажет. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздан жеткен хадисте «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» делінген. Қазіргі таңда көптеген қыз балалар ата-ананың мейіріміне мұқтаж. Әкенің мейірімін көріп өскен қыз сырттан мейірім іздемейді. Әке қызына сүйіспеншілік танытып, қамқорлығын көрсетуі керек. Сол кезде қыз баланың түздегі қылығы бұзылмас еді, – деді бас имам.

Жаңа мектеп бой көтереді Облыстың бас имамы Ислам дініндегі білім алудың ер кісіге де, әйел адамға да бірдей парыз, сол себепті қыз баланың сауат ашуы, оқып білім алуы міндет екендігін айтты. Оның пікірінше, әр ата-ана бұл мәселеде мемлекеттің білім алуға жасап отырған мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білгені жөн. Облыста оқу жылы басталысымен орамал тағатын оқушылардың мәселесі көтеріліп жататындығы белгілі. Бас имам облыс әкімдігіне осы мәселені шешу үшін қыз балаларға арналған мектеп салу туралы ұсыныс білдіргендігін айтты.  – Оған облыс басшысы қарсылық білдірген жоқ. Қазіргі уақытта өркениетті елдерде қыз балаларды ұл балалардан бөлек оқыту тәжірибесі кеңінен қолданылып келеді. Мамандар ер балалармен бірге оқыған кезде қыздардың пәнді нашар игеруден, сабақты білмей қалудан қысылып, білмегенін басқалардан сұрауға ұялатынын айтады. Ал, бөлек білім алған қыздар бір-бірімен еркін байланыс жасап, көмектесіп, қолдап отырады екен. Сонымен қатар, жасөспірім шақта ұлдар мен қыздар бір-біріне ұнауға ұмтылады, соған көңілдері бөлініп, сабағын ақсатып алуы мүмкін. Балаларды бөлек оқытқанда бар ынтасы тек оқуға ауатындықтан, білім деңгейлерін көтеруге де септігін тигізетіні байқалған. Бүгінде кәсіпкер азаматтардың қолдауымен облыс орталығындағы Авангард шағынауданында қыз балаларға арналған зайырлы мектеп салынуда. Сондай-ақ, тағы бір кәсіпкердің көмегімен дайын тұрған жер теліміне ұлттық тәлім-тәрбие беретін мемлекеттік мектеп салу туралы ұсынысымызды айтып едік, ол да қолдау тауып, жүзеге асып жатыр, – деді Алтынбек Ұтысханұлы. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ӘДЕПСІЗ ҚЫЛЫҚ Бүгінде жасөспірім қыздардың әдепсіз қылығы әлеуметтік желілер арқылы дүйім жұртқа тез таралып жатыр. Жасөспірім қыздар темекі шегіп, ішімдік ішіп, былапыт сөйлеп, тіпті бір-бірін бопсалап, тепкілеп, ұрып-соғып жатқанын көріп жүрміз.

 «Қызым – үйде, қылығы – түзде» демекші, түздегі кейбір қыз балалардың осындай кері кеткен қылықтарына қарап, ата-ана, мектеп, ұстаздармен қатар, жалпы қоғамның бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігін сезінеміз. Облыс имамы бұл жайтқа да тоқталып, кезек күттірмей шешілуі қажет мәселе екендігін баса айтты. – Халқымыз қыз баланың еркін өскенін қалағанымен, тым шолжаңдатып, еркінсітіп те жібермеген. Керек кезінде ел болып, жұрт болып оның арын күзетіп, әдебі мен тәрбиесін көп болып қадағалаған. Өсіп келе жатқан жас қыз ол болашақ жар, келін, бір шаңырақтың ұйытқысы, ұрпақ тәрбиелейтін ана, бір әулеттің абыройы. Сол жас қыздарға тәрбие бере алмасақ, үлгі көрсетпесек, олар болашақта өз ұрпағына не үйретеді? Қыздарымыздың қабілет-бейіміне қарай жан-жақты етіп өсіруді, қоғамға пайдалы етіп тәрбиелеу керектігін ұғамыз. Әсіресе, қыздарымыздың әйел адамдардың болмысына жақын дәрігерлік мамандықтарға оқытуымыз пайдалы болар еді. Мұның сұраныс та тудырып тұрғандығын жасырмаймыз. Сондықтан жас шыбықтай жас өскін қыз балалардың бойына мұсылман әдептерін, ислам қағидаларын сіңіруде кеш қалмауымыз қажет, – деді бас имам.

Семинардың арнайы қонағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы жастар арасында кеңінен таралған азаматтық некенің салдары туралы айтып өтті. – Бабаларымыз қыз баласын құрсақтан тәрбиелеп, жағымды қасиеттерді бала күнінен бойына дарытқан. Себебі, бойжетіп отырған қыздың болашақта ибалы келін, абзал ана атанатынын білген. Ертеңгі күні келін болып түскен ауылына өз отбасының, бір рулы елдің бетіне таңба болмауы үшін, намысын аяққа таптатпауды жастайынан құлағына құйып отырған. Алайда, қазір жастар арасында азаматтық неке көбейіп кетті. Соның салдарынан ер де, әйел де бір-бірінің алдында жауапкершілікті сезінбейді. Осындайдан жасанды түсік, тірілей жетімдер көбейіп жатыр, – деді Динара Құтқожақызы. Ал, Атырау облысы әкімі аппаратының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы Зәмзәгүл Жалмурзина отбасының шағын мемлекет, сондықтан отбасындағы бала тәрбиесі күн тәртібінен түспейтіндігін атап өтті. Бас инспектор білімді сатып алғанмен, тағылымды тәрбиені сатып алудың мүмкін еместігіне тоқталды. Семинар барысында, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Садуова, «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Балымша Юсупова, ҚМДБ әйел-қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілі Ардақ Сайынқызы қыз бала тәрбиесіндегі ата-әжелердің рөлі, олардың денсаулығы, өкілдікке қарасты әйел-қыздар секторының атқарған жұмыстарына тоқталып, әйел-аналар мен қыз-келіншектердің толғантқан сұрақтарына кеңірек жауап берді.

 

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT