Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік мүлік саласындағы құзыреттерінің сақталуын зерделеу мақсатында кеңейтілген жиын өткізді. Отырысқа облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі экономика, қаржы және коммуналдық меншік саласына жауапты басшылар қатысты.
Жиынға департамент басшысы Мәулен Мүтиев төрағалық етті. Ол өз сөзінде мемлекеттік мүлікке қатысты заңнаманың орындалуын тексеру- аудиторлық іс-шараның басты мақсаты екенін атап өтті.
Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы С.Ж.Демегенов сөз алып, «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 17 және 18-баптарында жергілікті атқарушы органдарға жүктелген нақты құзыреттерге тоқталды. Зерттеу барысында бірқатар аудандық және қалалық бөлімдердің ережелерінде заң талаптарына сәйкес келмейтін тәуекелдер анықталғаны айтылды.

Атап айтқанда, 2013 жылдан 2024 жылға дейін әр кезеңде бекітіліп, әділет органдарында тіркелген бөлім ережелеріне қатысты сәйкессіздіктер бар екені көрсетілді. Осыған байланысты, Индер, Жылыой, Қызылқоға, Исатай, Құрманғазы, Мақат, Махамбет аудандары мен Атырау қаласы және облыстық басқарма құжаттарының өзектілігі қайта қаралуға мұқтаж екені атап өтілді.

Жиын қорытындысында барлық жергілікті уәкілетті органға өз ережелерін заңның 17 және 18-баптарына сәйкестендіру, қажет болған жағдайда құзыреттерді алып тастау немесе толықтыру жолымен өзгерістер енгізу ұсынылды. Бұл шара өңірдегі мемлекеттік мүлік саласын басқарудағы құқықтық нақтылықты арттырып, уәкілетті органдардың жұмысының тиімділігін күшейтуге бағытталған.
Өз тілшіміз

