Таяуда Қазақстан жазушылар одағы өзінің жыл қорытындысын жария етті. Осыған орай ұйымдастырылған жиында бас қосқан қаламгерлер бірін-бірі аман көргеніне тәубе десіп, құшақ жая төс қағыстырды.
Өйткені, екі жыл жұртты «жұмса жұдырығында, ашса алақанында» ұстаған пандемияның пәрмені күшті болғаны соншалық, талай жаны жайсаң жақсы жандар тәж тажалының құрбанына айналды. Бұл – ел індеттен ес жиғаннан кейін тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жиын. Сондықтан Алматы қаласында өткен одақ мәжілісінде зиялы қауым қауіпті кеселден көз жұмған 60-қа тарта ақынжазушыларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Міне, осы жиында еліміздің 20 қаламгеріне Халықаралық «Алаш» сыйлығы табысталды. 1992 жылдан бері баспадан жаңадан жарық көрген үздік туындыларға екі жылда бір рет берілетін бұл сыйлық қазақтың елдік туын көтерген қалам қайраткерлеріне ескерткіш ретінде тағайындалады . Осындай құрметке ие болған қарымды қаламгерлер қатарында жерлестеріміз де бар. Соның бірі – Бекет Қарашин. – Бекет Мұханәліұлына Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы «Бейбарыс. Заман және тұлға / Бейбарс. Эпоха и личность» атты кітабы үшін берілді. Кітап қазақ және орыс тілдерінде жазылған.
Атыраудағы «Ағатай» баспасынан шыққан. Жалпы ақынның есімі Махамбет өлеңдерін орысшаға дәлмед әл , ақынның рухын асқақтата аударуымен мәлім болды. Оған көптеген поэзия корифейлері жоғары баға берген. Ол – Қазақстанда алғашқылардың бірі болып кітаптарын электронды жүйеге көшірген ақын, философия ғылымының кандидаты. Қазір ондаған кітаптары әлемдік әлеуметтік желілерді шарлап жүр. Көптеген дүниежүзілік байқаулардың лауреаты,- деді Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев. Бұл кітап біздің әйгілі жерлесіміз, Египеттің ұлы сұлтаны, ХІІІ ғасырда ислам әлемін кресшілер мен Шыңғыс ханның немересі Құлағу шапқыншылығынан құтқарып қалған Бейбарыс сұлтанның туғанына 800 жыл толуына арналған. Биыл Бекет Мұқанәліұлы мерейлі 70 жасқа толады. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы ақынжазушының осы мерей жасына лайықты сый-құрмет болды. Жалпы Бекет Қарашин есімі әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс. Қазақстан Жазушылар Одағының және Халықаралық Жазушылар гильдиясының мүшесі, отызға жуық республикалық және халықаралық сыйлықтар мен марапаттардың иегері. Оның қаламынан туған қырықтан астам кітап Қазақстанда басылып, шет елдерде де бірнеше тілде жарық көрді. Ол көзі қарақты оқырманға Махамбет поэзиясының және қазақ жырауларының орыс тіліндегі ең үздік аудармашысы ретінде әйгілі. Әсіресе, «Я казах, небесный тюрк» атты атақты әрі атышулы поэмасымен кеңінен танылды. Бұл еңбегін кейін «Мен көктүрікпін, қазақпын» деген атпен қазақ тіліне өзі аударды. Осы өлеңі әлеуметтік желіде миллиондаған рет қаралып, әлем жұртшылығының назарын аударды, сансыз пікірлер жазылды Халықаралық әдеби сыйлыққа ие болған қаламгердің қатарында Жылыойдан шыққан Маржан Ершу да бар. Ақын, драматург, аудармашы, прозаик, сатирик, Қазақстан Жазушылар одағымен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, бүгінде Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұстазы. Маржан Ершу – О.Памуктың «Сезім музейі» кітабын қазақ тіліне аударғаны үшін Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атағын алды.