АТЫРАУЛЫҚТАР НАУРЫЗ ТОЙЫН БАСТАП КЕТТІ…

Бүгін Атырау қаласының орталық Исатай-Махамбет алаңында Наурыз мерекесіне орай мәдени-көпшілік іс-шаралар легі басталып кетті.

Осы орайда, «Мүгедек әлемі», «Дәстүрге жол қазақ аналары», «Аналар үндестігі», «Жарқын ұя» қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Оның «Кимешек» деп аталуы да тегін емес. Өйткені, бұл — Ұлыстың ұлы күнінде ғана емес, күнделікті халық тұрмысында да ақ жаулықты аналар мен ұл-қыз тәрбиелеп отырған ардақты аналар және әйелдер мен қыз-келіншектер қолданатын ұлттық киімдердің бірі де бірегейі болып табылады. «Қазақта ежелден келе жатқан құндылықтың бірі – кимешек. Нақты қай ғасырдан бері қолданысқа енгенін білмесек те, әйтеуір, ұлтымызбен бірге жасап келе жатқаны ақиқат. Келіннің ана атанған шақта кимешек киетіні белгілі, бірақ, оның өзінің жөн-жоралғысы ұмытылып қалған-ды. Анығында, кимешек – көшпелі ортада қалыптасқан, экологиялық талаптарға толықтай жауап беретін қазақ әйелдерінің бас киімі. Оны өзге ұлттардың киіміне ұқсататындар да бүгінгі қазақ қоғамы арасынан табылып қалады. Кимешек жаздың аптап ыстығы мен қыстың қатты суығынан, жел мен шаң-тозаңның әсерінен қорғануда пайда болған киімнің бірегей пошымы десек те болғандай. Кимешектің негізгі ерекшелігі – адам бетінің формасы ойылып қалдырылып, қалғаны түгелдей тігіліп, тек қана басы ғана емес, әйел адамның денесін беліне дейін түгелдей жауып тұруында. Кимешек – тұрмыс құрғаннан кейін киілетін бас киім. Оның өте көнеден қалыптасқан, тіл- көзден сақтайтын қорғаныс екені анық» дейді ұйымдастырушылар. Шара одан әрі бірнеше өнерпаздардың қатысуымен ұйымдастырылған әдемі күй-тартысқа ұласты.



ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT