«AtyrauRobo» фестивалі аудан жастарының техникалық қабілетін қанаттандырды

 

Исатай ауданында жас өнертапқыштар мен болашақ инженерлердің алаңына айналған ерекше іс-шара өтті. Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Gylym Dauiri» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, сондай-ақ Білім беру басқармасымен әріптестік негізінде жүзеге асқан «AtyrauRobo» жастар фестивалі аудан жастарына заманауи технологиялар әлеміне терең үңілуге мүмкіндік берді.

 

 

Фестивальдің алғашқы кезеңі ретінде Исатай ауданында арнайы оқыту курстары ұйымдастырылды. Онда 14 пен 18 жас аралығындағы 36 оқушы Arduino және электроника негіздерін, 3D модельдеу мен басып шығарудың қыр-сырын, STEAM әдістемесі арқылы жобалау тәсілдерін меңгерді.

 

 

Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған шеберханаларда оқушылар өз қолдарымен тәжірибелік жобалар жасап, инженерлік байқауда бақ сынады.

 

 

– Бұл жобаның ең басты ерекшелігі – балалар тек теориямен шектеліп қалмай, өз идеяларын жүзеге асыруға нақты мүмкіндік алды. Біз балалардың көзінен қызығушылықты, болашаққа деген сенімді көрдік. Осындай игі бастамалар жастардың кәсіби бағдарын анықтауға үлкен сеп болады, – дейді жоба жетекшісі Нұрсейіт Жәнібек.

 

 

Аудандық кезең қорытындысы бойынша оқушыларға арнайы сертификаттар табысталып, инженерлік байқаудың үздіктеріне ынталандыру сыйлықтары берілді. Жалпы жобаның аясында әр ауданда 30 оқушыны қамту жоспарланғанымен, Исатайда бұл көрсеткіш 36-ға дейін жетіп отыр. Бұл – аудан жастарының техника мен ғылымға деген ерекше қызығушылығының айғағы.

 

 

– Мен Arduino тақтасын алғаш көріп, оны бағдарлама арқылы басқарған кезде өзімді болашақ инженердей сезіндім. Роботымды құрастыру, оның қозғалысын бақылау – ерекше әсер сыйлады. Бұл тек бастамасы ғана, алда бұдан да үлкен жобалар жасайтыныма сенемін,-дейді байқау қатысушысы А.Орынбаева.

 

 

«AtyrauRobo» фестивалі тек жарыс пен оқытумен шектелмейді. Оның аясында лекциялар, шеберлік сағаттары, Hackathon, көрмелер мен экскурсиялар өткізіледі. Белгілі спикерлер жастармен кездесіп, ғылым мен техниканың болашағы туралы пікір бөліседі.

 

 

Сонымен қатар білім беру ұйымдары мен жеке оқыту орталықтары, техникалық сала өкілдерімен байланыс орнату мүмкіндігі қарастырылған.

 

 

Аудандағы оқушылар үшін бұл – шабыт пен серпіннің бастауы. Ал өңірлік деңгейдегі екінші кезеңде жастар одан да кең ауқымда өз мүмкіндіктерін көрсетпек.

 

 

«AtyrauRobo» – болашақ инженерлердің алғашқы қадамы. Ал сол қадамдардың бірі – Исатайда жасалды.

 

И.Жағыпарова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT