1979-1989 жылдары Ауғанстандағы интернационалдық борышын өтеп қайтқан 680 атыраулық ардагердің ерен ерліктері мен ұрыс даласында қыршын кеткен 13 боздақтың өмірдеректері және хабарсыз кеткен жалғыз жауынгер туралы дәйекті деректер жүгін «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер шежіресі» (Ермекова А.Ә.) кітабы көтеріп тұр. Осы қалың шоғырдың ішінде аққыстаулық Дабысқали Садихов та бар.
Дабысқали 1959 жылы 10 қарашада дүниеге келген. 1977 жылы М.Горький атындағы орта мектепті аяқтап, Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінің "автокөлік жүргізушісі" қысқа курсын бітіреді. Осыдан кейін алғашқы еңбек жолын сол кездегі Чапаев атындағы кеңшарда бастаған.
1979 жылы мамырда КСРО Қарулы күштері қатарына шақырылып, 1980-1981 жылдарда кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында әскери борышын өтеді.
Соғыс талабы бойынша шектеулі контингентке жүргізушілер көп қажет болды. Себебі, іс жүзінде әскерді жабдықтау автокөліктер арқылы жүзеге асырылды. Күн сайын дерлік Ауғанстанға және кері, әдетте оларды «жігіттер» деп атайтын, колонналар тізбегі жүретін. Осының өзі қиын-қыстау таулы, қыратты өңір жағдайында дұшпандардың шабуылы төніп тұрғанда, миналанған жолдарда іске асты. Бұл ауған соғысында жүргізушілердің көбірек опат болуына алып келді. Осы айтылғандарды Дабысқалидың төмендегі бір естелігі айғақтай түседі.
«1980 жылдың 10 қарашасы болатын. Кандагар провинциясындағы әскери бригадаға жүк жеткізіп, қайтып шығып келе жатқанбыз. Қалаға кіреберіс тас жолдың бойы шашылған оқ гилзалары, ащы түтін мен оқ-дәрінің иісі қолқаны қауып кетті. Оқтын-оқтын атылған оқтың даусы естіліп жатты. Бір кезде барлық алдыңғы шамын жағып, қатты жылдамдықпен 3-4 БТР (бронды машина) қарсы өте шықты. Бұлар біздің алдымызда, бізден бұрын шыққан колоннаны тосып тұрып, дұшпандармен ұрыста жараланғандарды медсанбатқа алып бара жатқандар еді. Біз әрі қарай қалаға кіріп келе жатырмыз. Біздің колоннаның жанында бес-алты БТР машинасы бізді қорғаштап еріп келе жатты. Жолдың жиегінде кейбіреуінің қаңқасы қалған, кейбіреуі өртеніп жатқан техникалар ішінде бізге кеше кеште жанар май құйған «Урал» автомашинасы да алты дөңгелегі аспанға қарап жатыр.
Бір мезгілде талды алқаптан бізге қарай оқ атыла бастады. Кей кезде оқтың жыланша ысқырған даусы жақын жерден естілгенде жаныңды түршіктіріп жібереді. Оқсалғышты (магазин) машинаның еденіне тастап, өзіміз арқамызды артқа тіреп отырмыз, өйткені оқ кабинаның теміріне тиіп, бізге әлсіреп жетеді деген ой. Біз, бірақ, атып жатқандарды көре алмаймыз. Қауіпті аймақтан шығып барып түгендегенде, біздің керуенде (50-60 машина) 6-7 солдат жараланған болды, техникамыздың көбін оқ тесіп өтіпті. Менен кейінгі «Урал»-дың әйнегіне оқ тиіп, жүргізушісі көзінен жараланды. Қалған «КамАЗ»-дардың радиаторы, жанар май багына, дөңгелегіне, кабиналарына оқ тиген...»
1981 жылы шілдеде елге оралған Дабысқали 1996 жылы кеңшар тарағанға дейін автокөлік жүргізушісі болып еңбек етті. 2007 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. «Интернационалист жауынгерлерге Ауғанстан халқынан алғыс», Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 10, 15 жыл мерейтойлық медалдарымен марапатталған ардагер жұбайы Гүлбанамен бақытты өмірде.
Есмұхан ЖАНИЗИН,
Құрманғазы ауданы.