Аудан айнасына жазыл, ауылдас!

Алыстағыны жақын етіп, бүгін шыққан басылымды да қолыңа бүгін жеткізетін пошта торабының қызметі зор.

Бұрын аға буын пошташының жолын тосқан ауылдастар «ерте келсе екен» деп жүретін, бүгінде бұл салада да қолжетімділік, ыңғайлылық, жылдамдық орын алған.

Мен Х.Ерғалиев ауылының пошта бөлімшесінде хат тасушы болып қызмет етемін. Қамысқала жұрты өткен жылы газетке жазылуға жақсы атсалысып еді, ал, биыл жазылғандар саны жазылғандар саны қазірге дейін мардымсыз болып отыр. Алайда, әлі де бір айдың үстінде уақыт бар, жазылудың жайы жақсарады деген сенімдемін. Бүгінде газетті оқушы да азайды ма деп ойлаймын, өйткені қазір интернет қолжетімді болып, бар ақпаратты соннан алатын болды. Ауыл тұрғындарының арасында жазылуға келгенде «газеттерде көшірме көп» дегенді де сылтау ететіндер кездесуде. Әрине, бұл ауданның тыныс-тіршілігін барынша қамтуға тырысып, жұртшылықты жаңалығы көп уақыт тынысынан да құралақан қалдырмауға жұмыстанып келе жатқан «Нарын таңына» қатысты емес деп есептеймін.

Газет-журнал таратудан кедергі болмаса да, соған жазылу жайы қиынырақ соғатыны рас. Бүгінде төлемді үйден отырып төлейтін болды халық, сол себепті пошта бөлімшесіне бас сұқпайтындар көп. Бірақ, пошта таратқан кезде әр үйге кіріп, газет-журналға жазылуды айтып жүрміз. Кейбір мекемелердің өзі газетке жазылуда салғырттық танытады да, газет келген кезде «орам сыртындағы газет болса да берші, материалымыз бар еді, қарайық» деп, жалынғандай болып сұрап алып кетіп жатады. Сондай кезде еріксіз бас шайқаймыз, одан да жазылып алдырса болар еді ғой. Өйткені кішкентай шаралары өтсе де сол газет бетінен орын алғанын, сол газет арқылы ауыл, аудан білгенін олардың қай-қайсысы да жақсы көреді емес пе? Осыдай кейін «аудан айнасына жазылайық, ауылдастар!» дегім келеді тағы да.

Жұмабике ҚҰЛЫШЕВА,

ауылдық пошта байланыс бөлімшесінің қызметкері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT