«Көппен көрген ұлы той», қай уақытта да ағайыннан ажырап көрмеген журналист атаулының мынау күрделі уақыттағы көтерген жүгі де жеңіл емесі жиі айтылады. Алайда ол қай уақытта да солай болып келді. Кешегі кеңестік кезеңде де қалам ұстаған қауымның арқалағаны бір атанға жүк боларлық еді. Соның бәрі-бәрінде бұқараның үні, ақылшысы, кеңесшісі, жоқшысы болған ақпарат құралдары әлі де сол міндетінен мүлт кеткен емес.
Уақыт көшіне осылай ілесіп келе жатқан сол бұқаралық ақпарат құралдарының қатарында біздің «Нарын таңы» да бар. Кешегі жиырмасыншы ғасырдың жылнамасына енген 1953 жылдың 18 ақпанында «Малшылар үні» деген атпен алғашқы саны жарыққа шығып, мезгіл жүктеген міндетті сол сәттен бастап иығына артқан басылым содан беріде аудан халқымен бірге жасасып келе жатқанына бүкіл ауылдастар куә. «...1953 жылдың қысы. Новобогат ауданы өмірінде үлкен жаңалық болды. «Малшылар үні» атты аудандық газеттің тұңғыш саны оқырмандардың қолына тиді. Новобогаттықтар «жыл құсындай» болған осынау жаңалықты көптен күтуде еді. Тіпті даңқты қырық бесінші жылдың өзінде «аудандық газет шығады» деген әңгіме тараған-ды. 18-ақпанда алғашқы басылым жарық көрді...». Анау Манаштың тумасы, кешеге дейін қатарда жүрген қарт журналист марқұм Шөпенғали Дәуенұлының толғанысты естелігінен бір үзінді бұл. Оның біз үшін ыстық болуы сонда – осынау үзіндіден төл газетімен тұңғыш табысқан жерлестеріміздің жүрекжарды көңілі көрініс беріп тұрғаны. Сол алғаш жарық көрген күннен-ақ өзін осылайша қабылдаған қалың оқырманнан қыл елі ажырамауға тырысқан газет ауылдастардың қиындығын да, қызығын да бірге бөлісті, кейбір шалағай шешімдер салдарынан аудан бір тарап, бір құрылған кезеңдердегі үзілістерден соң қайтадан қуана қауышып отырды. Сөйтіп жылнамасын жалғастырған аудан айнасында осы топырақтан өнген, өскен талай-талай қалам иелері айшықты іздерін қалдырды.
Сөз жоқ, бұқараның үні болған басылымды қалың оқырманы қай кезде де күтіп отыратын. «Мен кішкентай кезімде аудан орталығы Новобогаттан поштамен Қапия апай атпен әкелетін газет-журналдарды әкеміз базарлық әкелетіндей күтетінмін. Солардың арасында «Малшылар үні» деген шағын газет болатыны есімде ...» деп жазды «Нарын таңының» жарты ғасырлық тойына жолдаған құттықтауында ақын апамыз, марқұм Фариза Оңғарсынова. Аудан айнасын қазір де күтіп отыратын оқырманы бары – қуаныш.
Жалпы газеттің шыға бастағалы бергі ғұмырбаянын кезең-кезеңдерге бөліп қарар болсақ, оның қай белесінде де уақыт тынысына сай қарекет қылған қаламгер қауымның қажырлы қолтаңбасы қалулы. Алғашқы жарық көруінде «Малшылар үнінің» бірінші санының бірінші бетінде жарияланған «Партияның өткір құралы» атты бас мақалада: «Бүгін Новобогат аудандық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары аудандық Советінің тұңғыш органы «Малшылар үні» газетінің бірінші саны шығып отыр. Партияның ХІХ съезі қабылдаған ССРО-ны өркендетудің бесінші бесжылдық жоспарының директиваларына байланысты аудан алдына маңызды шаруашылық-саяси міндеттер жүктелуде. Аудан еңбекшілерін бұл міндеттерді жүзеге асыру жолындағы қажырлы күреске жігерлендіруде «Малшылар үні» газеті үлкен ұйымдастырушылық жұмыс атқаруға тиіс» делініп, онда қызмет қылғандар мен тілші-авторларына қандай міндеттер жүктелгенін аңдата түседі.
Газеттің жетпісінші, сексенінші жылдардағы сандарын парақтай қараған адам оларда негізінен қозғалған тақырыптардың бірі «екінші тың» атауын иеленген қой шаруашылығын өркендету ісіне жалын жігер жастарды тарту, осы мақсатта құрылған шопандар, сондай-ақ құрылысшылар бригадаларын насихаттау, өзгеге үлгі ету тұрғысындағы жұмыстарға белсене араласқандығын пайымдап, тәрбиенің тінін тартып, әдебиет пен мәдениетке де көбірек көңіл бөлгенін бағамдайды.
Осыдан отыз төрт жыл бұрын еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы күндері елмен бірге қуанған басылымдардың арасында «Нарын таңы» да болды. Еркін өмір аясында өзгерген өңіріміздің нарық жағдайындағы тыныс-тіршілігі, ауданымыздың экономикасы мен әлеуметтік саласындағы жетістіктері газет бетінде шырайлы көрініс тауып отырды, заман талабына орайғы өзгерістер жөнінде жүйелі қоғамдық пікір қалыптастыру, танымдық және тәрбиелік бағытқа көбірек көңіл бөлу өзекті тақырыптардың бірі де бірегейіне айналды.
Ал, енді басылымның бүгінгі бәсірелеген міндеті – Мемлекет басшысының тапсырмалары мен оны орындау жолындағы жұмыстарды кеңінен насихаттау, елді ынтымақ-бірлікке ұйыстыру, ел ертеңі – жастарымызды ілім-білімге, өнерге жетелеу, отаншылдыққа үндеу. Әрине, мұның бәріне сыншы – оқырман, таразысы уақыт десек қателеспегеніміз деп есептейміз. Соның бәрінде «арқа еті арша, борбай еті - борша» дегендей, қызығы мен қуанышын, ауыры мен жеңілін бірдей көріскен, бары мен жоғын да бірдей бөліскен қаламгерлер қауымы болды. Олардың бірі басылымға басшылық етті, бірі бүкіл шикізаттарын дайындасты, кезінде кезекшілігін қылысты, макетін сызысты, хаттарын қорытты... Бұл газеттің редакциясында тер төккендерге қарата айтылып жатқандары. Ал басқа салада жүрсе де баспасөзге бүйрегі бұрып тұратындар, сондықтан да қаламын қару қылатындар қаншама еді?.. Бүгінде бірі о дүниелік болған, бірі ағалық, аталық жасқа толған олардың бәрін тізер болсақ, газеттің біраз бөлігін алып та кетері анық. Әрі кезінде баспасөз беттеріндегі жарияланымдарымен жұртшылыққа кең танылған сол бір қаламгер қауымның есімдері елдің жадында жүргеніне шүбәсізбіз. Десек те, мерекелі сәтте солардың берекелі тірліктері турасында баяндай отырып, кейбірінің есімдерін атай кеткенді артық көрмейміз. Олардың алдыңғы легінде Төлеген Сатқанбаев, Мүтәлі Шәріпов, Ғалымжан Үбенов, Қуандық Батыров, Орынтай Исабаев, Күзембай Әміров, Нұралы Әжіғалиев, Сейілхан Қайыржанов, Сәндібек Ғұбайдуллин, Аяпберген Мұханбетов, Жоламан Әбішев, Жайнарбек Бержанов, Қаділжан Сағынаев, Мәди Өтеғалиев, Шапхат Хұсынов, Мұрат Аташев, Еркін Тілемісов, Бауыржан Керей есімдерін атауға болар еді. Газеттің жарыққа шығуына қаламгерлерден бөлек қарапайым қызметтерімен қыруар үлес қоса жүрген редакцияның техникалық қызметкерлері, баспахана жұмысшылары қаншама тер төкті, олардың бәрін бір мақалада атап шығу да мүмкін емес. Біз айтып өткен алдыңғы буын қаламгерлердің ізін баса іс қылған кейінгі буынның да қатары баршылық.
Иә, ол солай. Осыдан кейін 28 маусымдағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні аталатын мереке таяла түскен тұста кешегі күндері ақпарат құралдарында қапысыз қызмет қылып, кейін де одан қол үзбей келе жатқан бір шоғыр аға-апаларымызға, замандастарымызға, бүгін де белсенді қызметтегі ұжымдастарға, Қазақстан Журналистер одағының аудандағы барша мүшелеріне риясыз көңілімізді танытқымыз келді. Қазір де аудан айнасының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген редакция ұжымына алдыңғы толқынның қапысыз қалам қарекеті – қашанда үлгі-өнеге.
Міне, біздің еншімізге бұйырған атаулы күн де келіп қалды. Ендеше мерекелеріңізбен, барша әріптестер!
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР