АУДАН БАСШЫСЫ ЕСЕП БЕРДІ

Аудандағы қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісінің күн тәртібінде Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 18-бабына сәйкес бір-ақ мәселе – «Исатай ауданының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2023 жылға арналған міндеттер туралы» аудан әкімінің есебі қойылды.

Қоғам мүшелерімен бірге мәселеге байланысты тиісті бөлім басшылары – аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Әлібек Дүйсенов пен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерболат Мақашев та шақырылған  мәжілісте аудан әкімі Полымбет Хасанов күн тәртібіндегі мәселеге байланысты баяндама жасады. Оған негізінен бұған дейін де аудан басшысының тұрғындармен кездесуі барысындағы айтылған жайттар өзек болды.

Баяндама бойынша қайсыбір мәселелерді нақтылай түсу мақсатында сауалдар қойған кеңес мүшелері өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын да ортаға салды. Оның ішінде, әсіресе, аудан орталығындағы құрылысы тұралап қалған 60 пәтерлік үш үйдің жағдайы, ауданда егін егушілерді қолдау бағытындағы кейбір мәселелер, Қызыл үй, Жасқайрат бағыттарына тартылып жатқан, биыл аяқталуы көзделіп отырған табиғи газ желісі бойындағы шаруа қожалықтарының сол желіге қосылуы жайы, ауданның ауылдарында биыл да жалғасын тауып, қайсыбірінде аяқталауы көзделіп отырған автокөлік және аяқжолдарындағы ахуал да әңгіме өзегіне айналды.

Мәселені тыңдап-талқылаудан кейін кеңес отырысы аудан әкімінің есебін мақұлдап және қанағаттанарлық деп табу жөнінде, кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді әзірленген қосымшаға сәйкес бекіту туралы, кеңес алдындағы есебі барысында айтылған ұсыныс-пікірлерді алдағы уақытта іске асыру бағытында арнайы шаралар алуды, мемлекеттік органдардың қызметін одан әрі жетілдіруді аудан әкіміне ұсыныс еткен шешім қабылдады.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521